Астанада Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясының оқушылары жабылып буллинг жасап, оны видеоға түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео желіде пайда болды. Видео астындағы жазбада 9-сынып оқушыларының өз құрдастарын үнемі ұрып-соғатыны жазылған.
"Оқушылар тобы үнемі басқа оқушыларды қорқытып, ұрып-соғып, мазақ қылған. Бұл ретте жаппай жабылатындардың құрамында шамамен 15 адам болған. Оқытушылар құрамы, меңгерушілер мен директор бұл жайтты білсе де, ешқандай шара қолданбайды деген ақпарат бар", - делінген хабарламада.
Бұл оқиғаға байланысты Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
"Бұл факт бойынша оқиғаның барлық қатысушылары, 9-сынып оқушылары анықталды. Оқушылардан ата-аналарының қатысуымен сұхбат алынды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталды. Нәтижелері бойынша оқушылардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", - деді ведомство.