Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

ШЫҰ-на Астана саммитінде Үндістан мен Пәкістан толыққанды мүшесі ретінде қабылдануы мүмкін

AstanaTV
06.04.2017ж. 20:00
3247
ШЫҰ-на Астана саммитінде Үндістан мен Пәкістан толыққанды мүшесі ретінде қабылдануы мүмкін

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитінде Үндістан мен Пәкістанды ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау жоспарланып отыр. Бұл Азиядағы мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтуға қосымша серпін береді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Мемлекет басшысы Ақордада Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуіне келген делегация жетекшілерін қабылдады. Бұл кездесуде президент ұйымның қазіргі ынтымақтастық тетіктері мен нормативтік-құқықтық базасын нығайтудың маңыздылығына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл - қатысушы елдердің барлық бағыт бойынша келісілген іс-қимылы. Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі конвенция мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі мәлімдемесі қаралуда. Бұл құжаттарды қысқа мерзім ішінде мақұлдау қажет.

Елбасы қабылдауынан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуі басталды. Шара аясында қатысушылар терроризм, экстремизм және есірткі айналымына қарсы бірлесе отырып күресуге уағдаласты. Осымен он екінші рет ұйымдастырылған басқосуды, ұйымға мүше елдердің қатысуымен өтетін Астана саммитіне дайындық деуге болады. Аталған жиын 8-9 маусымда өтеді. Тараптардың қауіпсіздікті сақтау бойынша көзқарастары бір жерден шықты. Жиын соңында халықаралық және аймақтық өзекті проблемаларды шешуге байланысты хаттамаға қол қойылды. 

Владимир Жұмақанов, ҚР Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы: 

Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірлік терроризмге қарсы құрылымының жұмысына оң баға бердік. Кездесуде терроризм, сепаратизм, экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон және көлеңкелі қару мен есірткі айналымы сияқты жаңа қауіптерге тойтарыс беруге байланысты өзара іс-қимылды арттыра түсуге келістік.