Ақтөбеде мектеп оқушысына сыныптастары әлімжеттік көрсетіп келген. Ақша талап етіп, оңдырмай таяқтаған. Анасының айтуынша, соңғы рет Бекзатының мұрны сынған. Ал баланың басында ісік бар екен. Өткен жылы Алматыдан ота жасатып келген. Құрдастары ол жайды біле тұра аямапты. Біздің ақтөбелік тілшіміз Жақсыбек Кемал Бекзат Қожамұратовтың анасымен ғана тілдескен жоқ. Мектебіне де барған, мектеп басшылығы таяқ жеген оқушының өзінен де бар депті. Сонда қалай, балалар джунгли заңымен жүрулері керек пе?
Гүлзада Қожамұратованың соңғы бір айдан бері мазасы жоқ. Басында ісігі бар баласын уайымдайды. Өзі науқас баланы сыныптастарының аяусыз ұруы оған екі есе ауыр соққы болып отыр. Айтуынша, өткен жылдың қазан айында сыныптастары оны әбден сабап тастаған. Баланың миы шайқалып, ауруханаға жатып шыққан. Осыдан кейін сынып жетекшісіне барып, балалармен сөйлесіп, оның басынан ұруға болмайтынын айтуды сұраған. Кейін сыныптастары баласынан үнемі ақша жинайтынын біледі.
Гүлзада Қожамұратова, Бекзаттың анасы:
Қазан айында оның қатты өзгеріп кеткенін аңғардым. Ылғи менен 50-100 теңгеден сұрайтын. Үнемі 3 –ші сабақтан соң сұранып, маған алып кет деп жүрді. Ұстазымен сөйлесіп, босатуын өтінетін болдым. Сөйтсем, ол сабақтан соң сыныптастарының ұратынын біліп сұранады екен. Тіпті, счетчикке (есептеуішке) қойып қойған.
Бекзат ақпанның 23-і күні де сол сыныптастарынан таяқ жеп, мұрны сынған. Әжесінің айтуынша, сол күні Бекзатты бұрынғы сыныптасы сабақтан кейін күтіп алған. Немересіне сол жерде төрт бала жабылған. Болған жайды сынып жетекшісіне айтқанда, ол анасы мен әжесінен ешқайда шағымданбауларын сұрапты.
Ақжарқын Қожамұратова, Бекзаттың әжесі:
Октябрьден бері басына ұра бергесін миын солқылдата бергесін, ісік өсіп, мамасы өз ходымен Астанаға барып келді. Енді операцияға кезексіз қойып жатыр. Бұндай проблема тек біздің семьяда емес, ол проблема бар. По этому обращаемся ко всем людям, чтобы не молчали. Ертең барады, школға балаларымыз. Ертең менің балам құсап инвалид болып қалмасын деп, проблема көтеріп жатырмыз.
Бұл Бекзат оқитын нөмірі 36-ыншы мектеп. Орыс тілінде білім беретін мекемеде мың жарымға жуық бала оқиды. -Таяқ жегенін айтып, тек оның анасы ғана шағымданды,- дейді ұстаздар. Мектептің басшылығы болса, Қожамұратовтардың айыптарын теріске шығарып бақты. Ләззат Тәжібаеваның сөзінше, балалардың арасында төбелес болған. Дегенмен, «бас жарылмаған, көз шықпаған». Сондай-ақ, ол «оқушылар арасында ақша бопсалау деген жоқ» деп шықты.
Ләззат Тәжібаева, Ақтөбедегі №26 мектептің директоры:
Негізі ерегіс екі бала арасында орын алған. Қалғаны қастарында болған. Барлығы алтау. Сынып жетекшісі олармен сөйлесті, мәселе шешілді. Біз қазір де оған көмектесуге дайынбыз. Бекзатты басқа сыныпқа ауыстырдық. Анасының жағдайын да түсінеміз. ӘІр ана баласы үшін уайымдайды. Желтоқсанда екінші рет төбелескенде, баласына айтып түсіндіре алмаған, сосын бізді, жан-жағын кінәлап отыр. Айта кету керек, ол сыныппа қиын балалар жиналған. Бесеуінің анасы балаларын өздері тәрбиелеп отыр.
Облыстық ІІД-і баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерекке қатысты іс қозғалды. Себебі, полиция бөліміне баланың анасы шағым түсірген. Қазір түрлі сараптама жұмыстары тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізіліп жатыр. Құқық қорғаушылар оқушылар арасында осы секілді құқық бұзушылықтардың азаймай тұрғанын айтады.
Қанат Әлиев, Ақтөбе облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы:
Жасөспірімдермен былтырғыға қарағанда 3,7 пайызға өсіп тұр - құқық бұзушылық, қылмыс жасау. Қала бойынша 300-н астам жасөспірім балаларды арнаулы есепке қойып отырмыз. Оның ішінде мектепке келмей қалу, әлде қалу, сабағы төмен және соның ішінде 11 лидер дейміз ғой, неформальный лидер, тентек есепте тұр. Солармен арнайы жұмыс жасаймыз. Бірақ енді қазіргі кезде шынын айту керек, бұл жұмыстың нәтижесі әлі дұрыс болмай тұр.
Ал,
Бекзат қазір ауруханада жатыр. Оны бейнекамераға
түсіруге анасы қарсы болды. Айтуынша, соңғы соққылардан өзі дімкәс
баланың ауруы асқынған. Енді 25-інші сәуірде Астанада жасалатын отаға дайындалып жатыр...
Жақсыбек Кемал, Нұркен Жалмұхан, «Біздің
уақыт».