$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда тұрғын үй қызыл жалынға оранды

AstanaTV
07.04.2017ж. 20:00
2452
Қызылжарда тұрғын үй қызыл жалынға оранды

Петропавлда тұрғын үй өртеніп, он бес адам баспанасыз қалды. Таң атпай тұтанған тілсіз жау тұрғындарды құжатсыз, қаражатсыз қалдырды. Ажалдан аман қалу үшін олар терезеден секіруге мәжбүр болған.

Тұрғындар төтенше жағдай туралы таңғы сегіз жарымда хабарлаған. Көне үйдің тұрғындары газ баллондарын қолданып келген. Олардың жарылу қаупіне қарамастан, өрт сөндірушілер ағаштан салынған ғимараттағы өртті екі сағат бойы ауыздықтады.

Нұрлан Атығаев, СҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

Өртті сөндіруге 40  адам мен  10 техника бірлігі жұмылдырылды. Шамамен 180 шаршы метр аумақты қызыл жалын шарпыған. Зардап шеккен бір адамға медициналық көмек көрсетілді. Ол сыртқа шығам деп, әйнек сынығына қолын жарақаттап алған.

Ресми деректерге сәйкес, өрттің шығуына токтың тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Қазіргі таңда бірнеше сараптама тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Екі қабатты үйдегі алты пәтердің біреуі түгел күлге айналды. Тағы үшеуін  жалын шарпып өткен. Бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрған Алма Мусина құжаттары мен қаражатын алуға да үлгермегенін айтады.

Күйеуім оятып, тез  бұл жерден сыртқа  қашайық деді. Ұйқылы ояу далаға шығып үлгердік. Үстімдегі күртені біреу берді. Етігімді  көршім  алып шығыпты. Өкініштісі, жеке үй жалдауға жинаған ақшамыз түгел жанып кетті.