$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Заңсыз қару-жарақ сақтағандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін

AstanaTV
10.04.2017ж. 20:00
5773
Заңсыз қару-жарақ сақтағандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін

Астанада 14 мыңға жуық заңды тіркелген қару-жарақ бар. Ал, тіркелмегені қанша екені белгісіз. Осы орайда заңсыз қару-жарақтарды сатып алудың кезекті науқаны басталды. Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қылмыстың алдын алу мақсатында қолға алынды.

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:


Аталмыш акция алғаш рет ұйымдастырылып отырмағаны баршаға мәлім. Қызыл жағалылар науқанның қарапайым халық үшін жүргізілетінін айтады. Себебі акция аяқталған соң тіркелмеген қару тәркіленсе, тұрғындар заң алдында жауап береді.

ҚК-тің 287-ші бабына сәйкес, мұндай заң бұзушылыққа 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 2 мың АЕК, яғни 4,5 миллион теңге айыппұл салу жазасы қарастырылған. Акция аясында тіркелмеген қаруды өз еркімен полицейлерге тапсырғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, керсінше, қомақты қаражатқа кенелмек.

Әділхан Башаев, Астана қ. ІІД ӘП бөлімі қару-жарақ айналымын бақылау бөлімінің аға инспекторы:

Тек тіркелмеген қару - жарақтар мен жарылғыш заттарды қабылдаймыз. Тұрғындардан қабылданған қарудың қауіптілігіне, техникалық тұрғысына қарай 10 АЕК тен 100 АЕК-ке дейін сыйақы төленеді. Ал өте қауіпті қаруға жауапкершілік те қатаң. Сондықтан оған берілетін сыйақы мөлшері де көп.  

Қазір Астанада заңды тіркелген қару-жарақ пайдаланатын 14 мыңдай тұрғын бар. Олар арнайы бұйрыққа сай қаруын сейфте сақтайды. Былтырдың өзінде тек Астана қаласында 25 дана қару-жарақ тәркіленіп, сыйақы мөлшері 2 млн теңге көлемінде болыпты.

Әділхан Башаев, Астана қ. ІІД ӘП бөлімі қару-жарақ айналымын бақылау бөлімінің аға инспекторы:

Астанада заңсыз қару айналымының көрсеткіші айтарлықтай төмен. Көбінде өзге өңірлерде басым. Науқан шартымен әр адам етене танысса дейміз. Себебі бұл тұрғындардың тыныш әрі алаңсыз өмірінің кепілі болмақ.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Тәркіленген қару-жарақтың барлығы дерлік арнайы комисия сараптамасынан кейін утилизацияға жіберіледі. Ал оны өз еркімен тапсырған адамға қатысты ешқандай іс қозғалмайды, дейді полицейлер. Науқан туралы толық ақпарат ІІМ-нің әлеуметтік парақшаларымен сайтында толық қамтылған.