Қазақстан мен Германия арасында өзара сенім бар, берік достық қатынас орнаған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлерімен кездесуінде айтты. Олар шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, бірлескен құжаттарға қол қойды.
Германия канцлері Олаф Шольцті салтанатты күтіп алу рәсімі Ақордада өтті. Тарапттар алдымен бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Содан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц келіссөз залына барды. Айта кетейік, Германия Үкіметінің басшысы соңғы 14 жылда елімізге алғаш рет табан тіреп отыр. Сондықтан бұл бас қосудың тарихи мәні зор деді, - Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін.
Германия Канцлері Олаф Шольц қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, қазақ-герман қарым-қатынастарын өркендетудің маңызды екенін жеткізді. Неміс тарапы экономикалық ынтымақтастықты да барлық салада дамытуға ниетті.
ОЛАФ ШОЛЬЦ, ГЕРМАНИЯ ФЕДЕРАЛДЫҚ КАНЦЛЕРІ:
Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз
Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 1,5 есеге өсіп, 4 миллиард долларға жуықтаған. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді. Экономист Сапарбай Жобаев тараптардың тығыз қарым-қатынасы екі жаққа да пайдалы дейді.
САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Германия бізден көбінесе осы шикізатқа қызығады, энергетикалық шикізат. Яғни мұнай, газ, я болмаса басқа да өнімдерді. 2 жарым - 3 миллиард долларлық сауда байланысымыз бар. Өңдеуші өнеркәсіпке Германия бізге көбірек инвестиция салған. Сондықтан біз Германиямен өте жақсы байланыстамыз дейміз.
Қазақстен мен Германия ынтымақтастық туралы Бірлескен декларацияны қабылдады. Құжатта елдің бірнеше жоғары оқу орындарының студенттерін Германияда оқыту бойынша келісімге келген. Оның бірі – Алматы энергетика және байланыс университеті. Екіншісі – Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Үшіншісі – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Бұл біздің балаларымыз үшін өте жақсы мүмкіндік. Олар екі диплом алады. Біріншісі – Қазақстандікі, екіншісі – неміс университетінікі. Сонымен бірге оқуын аяқтаған студент жұмысқа орналасу жөніндегі кепілдендірілген сертификатқа да ие болады.
Министрдің сөзінше, референдум өтіп, АЭС салынса, ядролық энергетика саласы бойынша мамандарды неміс ғалымдары дайындауы мүмкін. Айта кетейік,Германия канцлері бұдан бөлек «Орталық Азия + Германия» форматындағы кездесуге де қатысуы жоспарланып отыр.