Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Тауық жұмыртқасынан қауіпті химиялық заттар табылды

AstanaTV
13.04.2017ж. 20:00
3449
Тауық жұмыртқасынан қауіпті химиялық заттар табылды

Жұмыртқадан адамды қалқанша безі мен жүйке ауруларына шалдықтыратын қауіпті химиялық заттар табылды. Чехиялық ғалымдармен бірлесіп зерттеу жүргізген экологтар осылай деп дабыл қақты. Қара тізімге Маңғыстау облысының үш ауылы мен Қарағанды облысындағы Балқаш қаласы кірген. Мамандар, өнімдердің бұлай улануы қоқыс үйінділерінің көптігінен деп отыр.

Ғалымдар жұмыртқаға 3 жыл бойы жүзге тарта сынақ жүргізген. Нәтижесі қорқынышты. Қарағандыдағы ірі супермаркеттердің бірінен алынған өнімнен бромдалған антипирен табылған. Ал, Балқаштағы үй жұмыртқаларынан жоғары токсинді заттар анықталыпты. Маңғыстау облысының Таушық, Шетпе, Басқұдық ауылдарындағы үй тауықтарының жұмыртқалары да улы екен. Экологтардың айтуынша, пластикке ұқсас химиялық заттар ағзаға түссе, айықпас дертке шалдықтырады.

Дмитрий Калмыков, «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің директоры:

Бұлар орнықты, яғни тұрақты органикалық заттар деп аталады. Ағзада жиналып шөге береді, сыртқа шықпайды. Әсіресе, жұмыртқада жиналады. Ағзаға көп мөлшерде түссе, қалқанша безі, жүйке жүйесі ауруларына, тіпті бедеулікке шалдықтыруы мүмкін.

Экологтар адам денсаулығына немқұрайды қараған құс фабрикасының атын атаудан бас тартты. Оларды жауапқа тарту мүмкін емес дейді. Өйткені елімізде тағам құрамындағы концентраттардың шектеулі мөлшері белгіленген санитарлық норма жоқ екен.

Дмитрий Калмыков, «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің директоры:

Зерттеу кезінде Европа елдері мен Ресейдің санитарлық нормасына жүгіндік. Бізде ондай құжат мүлде жоқ. Артта қалғанымыз сонша, құс фабрикаларына заңды бұздың деп айта алмаймыз. Олар қане, қандай шектеулі мөлшерді бұздым көрсет десе, не көрсетеміз?

Мамандар жұмыртқалардың улануына өндіріс қалдықтары мен мыңдаған қоқыс үйінділері себеп екенін алға тартады. Сондықтан оларды жойып не қайта өңдейтін зауыттар қажет дейді. Құстардың далада шашылып жатқан қоқыстарды жегенін экологтар өз көзімен көріпті.

Мартин Скальски, «ARNIKA  CITIZENS SUPPORT CENTRE» жобасының үйлестірушісі:

Орныққан органикалық ластағыштар май қатпарларында жиналады. 10-20 жыл бойы жүріп, болашақ ұрпаққа берілуі мүмкін. Имунитетті нашарлатып, обырға дейін әкеліп соқтырады.

Айжан Қуаш, тілші:

Экологтар қауіпті жұмыртқалар мен сүт өнімдері мәселесін 20-сыншы сәуірде Астанада өтетін экологиялық конференцияда талқылайды. Онда құзыретті мекемелердің өкілдері шақырылмақ. Мамандар шенеуніктерге экологиялық бағдарламалар мен зерттеулер жүргізуді ұсынбақшы.