$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елде табысы төмен 1 млн-нан астам адам бар

19.09.2024ж. 20:00
244
Елде табысы төмен 1 млн-нан астам адам бар

Елімізде кедейлер саны көбейіп жатыр. Халықтың 5 пайызы төменгі жалақыға жан бағуда. Ал туристер бір сәтте байытып тастады. Көшпенділер ойындарын тамашалауға келгендер қонақ үйге, ішіп-жеміне, көрікті жерлерді аралауға 15 млн АҚШ долларын жұмсаған. Осы және өзге де ақпараттар "ЭКОНОМИКА" топтамасында. 

Елімізде 1 миллион тұрғын ең төменгі табыспен күнелтуде. Кедейдліктің ең жоғары шегі Түркістан облысында тіркелді. Шамамен 9 пайызды құрайды. Яғни 188 мың 500 адам төмен жалақыға жан бағуда. Жетісу облысында 54 мың, Абай облысында 46 мың 500 адам кедейліктің күйін кешуде. Қарағанды облысында 33 мың, Атырау облысында 21 мың азамат таршылықтың тауқыметін тартуда. Бұдан кейінгі орынға Астана жайғасқан. Елорда тұрғындарының 48 мыңы кедейлік шегінде өмір сүреді. Былтыр бұл көрсеткіш 37 процентке аз болған.

Елімізде құрылыс көлемі 8,8 процентке артты. Әсіресе 18 өңірде қарқынды жүріп жатыр.  Сыр елінде 42, Шығыс Қазақстанда 37, Қарағандыда 34, Астанада 41, Шымкентте 26 процентке артты. Еліміздегі мұндай жобалардың 88 пайызын жеке құрылыс ұйымдары, 11 проценті шетелдік және 0,5 пайызын мемлекеттік органдар орындаған. 8 айда 23 мыңнан астам жаңа ғимарат бой көтерді. Сондай-ақ, 93 мыңнан астам пәтер салынды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау үшін елімізге 600 мыңға жуық турист ат басын бұрған. Оның 68 мыңы халықаралық әуежайлар арқылы, қалғаны авто және пойызбен жеткен.  Қонақтардың 8 мыңы Қытайдан, 6 мыңнан астамы Үндістаннан, 4 мыңы Германиядан келді. Олар қонақ үйде тұрақтауға, көлікке, тамақтануға 15 млн доллар жұмсаған. Әрбір туристің орташа шығыны 1500 доллар шамасында болды. Келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың доллар қосты дейді мамандар.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында көк қағаз 481 теңгеден саудалануда. Еуро 537 теңге, көрші ел валютасы 5 теңге 18 тиыннан сатылуда.