Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

39-ғы кандидаттың 64-гі жұбайы. Ертең Францияда президент сайлауы.

AstanaTV
06.05.2017ж. 20:00
1541
39-ғы кандидаттың 64-гі жұбайы. Ертең Францияда президент сайлауы.

Францияда ертең өтетін президент сайлауының екінші турына «Жолда» деген жаңа қозғалыс құрған жас саясаткер, экономика министрі болған Эммануэль Макрон мен «Ұлттық майдан» партиясының жетекшісі, белгілі саясаткер Марин Ле Пен шыққаны мәлім. Сарапшылар екінші турда Макрон жеңеді деп отыр. Себебі радикалды көзқарасты Марин Ле Пенге қарсы солшылдар да, оңшылдар да бірігіп жатыр. Жалпы, Батыс әлемінде кімнің жақтасы, қолдаушысы қанша екені туралы ақпарат ашық айтылады және сайлау қорытындысында  +, - солай болып шығады. Ал Марин Ле Пенді қолдайтын электораттың 50 пайызды еңсермейтінін бәрі біледі.

Эммануэль Макрон – либералды құндылықтар, ашық қоғам мен прогресті жақтаушы, адамдардың түрлі құқықтарын қорғаушы, ғаламдануға қарсы емес саясаткер. Сайлау науқанында Марин Ле Пенді ашық қолдап, Макронды «жүндей түткен» Кремль енді қандай линия ұстайды екен?..

Ал мына детальға қалай тоқталмаймыз? Францияның солтүстігіндегі Амьен қаласында 1993 жылы 15 жастағы Эммануэль Макрон мектепте спектакльде ойнап, соңынан пьесаны қоюға көмектескен Брижит Тронье мұғалімнің бетінен шөп еткізеді. Оқушы өзінен 24 жас үлкен, күйеуі, үш баласы бар әйелді сүйіп қалады. Ата-анасы – медицина ғылымдарының докторы мен неврология профессоры басында әрине, шошып кеткен. «Әбден толысқан жас адам» деген кітапта Le Figaro журналисі Энн Фулда «олар бұны тоқтатып, үйлендірмеу үшін бәрін істейміз деп ойлады» деген Макронның өз сөзін жазған. Ата-анасы Брижиттен баласына ең болмағанда 18-ге толғанша жоламауды сұрайды. Брижит жауабы: «бірнәрсе деп, уәде бере алмаймын». Ал Макрон махаббатына «мен қайтып ораламын, бәрібір қосыламыз» дейді де, Парижке кетеді. 2 жылдан соң оралып, уәдесін орындайды.  Ақыры ата-анасы да көнеді, 2007 жылы олар ресми түрде үйленеді. 7 немересі бар 64-ке қараған Брижит, бұрынғы мектеп мұғалімі, ертең Францияның бірінші ханымы атанатын шығар. 

39-ғы Макрон бірінші турдан соң «Брижит болмағанда осы биікке көтерілмес едім» деген. Президент сайланса, сүйіктісіне ресми қызмет беретінін мойындаған. Бірақ жалақы алмайды, деген.