$447.9 €482.16 ₽5.54
×

Қазақстаннан пана сұраған босқындар

AstanaTV
15.04.2017ж. 20:00
1752
Қазақстаннан пана сұраған босқындар

Идлибтегі оқиғаны егжей-тегжейлі тексеру туралы Ресей ұсынысын Қазақстан қолдайды. Жалпы, локальді соғыстарға байланысты«мына жақтың позициясы имандылау» дейтіні жоқ. Сапырылысқан мүдде соғысында анық нәрсе – сол жердегі адамдардың тозақ өмірі ғана. Соғыстан қашып, Қазақстаннан пана сұраған Сирия мен Ауғанстан азаматтары туралы Айзада Төребекқызы. 

Ауғанстан азаматы Мохаммад Асиф Пардистің Шымкентте тұрып жатқанына екі жылдай болып қалды. Ұлты –тәжік. Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында туған 41 жастағы азаматтың  білімі - жоғары. Еңбек пәнінің мұғалімі. Мохаммад Асиф қайткен күнде де Қазақстанда қалғысы келеді. -Ауғанстанға барсам тірі қалдырмайды,-дейді Пардис . 

Мохаммад Асиф Пардис, Ауғанстан азаматы: 

Маған бір күні тәліб содырлары хабарласты.  «Сен мұғалімсің,бізге көмектес. Сен де, біз де мұсылманбыз»,-деді.  -Қандай көмек керек?- деп едім, «Саған  у  береміз, сен  мектептегі балалар ішетін суға қосасың», деді. -Не үшін?- деген сұрағыма  «Олар өскенде кәпір болып кетеді» деген жауап алдым. Мен қорқып, құқық қорғаушыларға хабарладым. Бірнеше күннен кейін  «Сен кәпірсің,айтқанымызды орындамадың.Сені өлтіреміз» деген хабарлама алдым. Содан қорыққанымнан құжаттарымды жинап, Өзбекстан арқылы Қазақстанға жеттім. Қай күні өлтіріп кетеді деген үреймен жүргеннен қиыны жоқ екен.

Туған  жерінде оның ата-ана, бауырлары  қалған. Ал әйелі мен үш баласын жанына осыдан екі айдай бұрын ғана алдыртыпты. Көші-қон заңының талаптарына сәйкес. Бірақ соған қарамастан босқын мәртебесін алуда қиындықтарға тап болған. Қазақстан аумағына заңды түрде кірген Мохаммад Асиф 1 жыл босқын ретінде құжат алған да екен. Бірақ таяу мерзімде ел аумағын тастап шығулары тиіс. Арнайы комиссия босқын мәртебесін ұзартудан  бас тартқан. Ендігі үміті сотта.

Мохаммад Асиф Пардис, Ауғанстан азаматы:

Қазақстанда тыныш, бейбіт өмір. Жұмысқа уайымсыз барып келесің. Халқы да жайдары. Балаларым осында оқыса, Қазақстанға еңбек сіңірсе деп армандаймын. Өз елімде күнде соғыс. Қай күні өлтіріп кетеді деп қорқумен жүресің. Ауғанстанда ашаршылық кезінде осы жақтан барған қазақ көршілеріміз бар. Барлығымен жақсы араластық. Мені де жатсынып жатқан жоқ, мұндағылар. Тек құжат бойынша босқын мәртебесін берсе деймін. Мен қайткен күнде осында қалғым келеді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық көші-қон қызметінің бастығы Мохаммат Асифке босқын мәртебесі екінші қайтара берілмеуінің себебі басқада деп отыр. Нұрдәулет Төлегенұлының айтуынша, Ауғанстан азаматы Шымкентке бас сауғалап емес, экономикалық мақсатпен келген. Сондықтан оның талап арызын қараған сот комиссия шешімін екі рет өзгеріссіз қалдырғанын көлденең тартты.-Шетелдікке мұнда тұрғылықты тұру үшін виза аштыру жөнінде кеңес бергенбіз,- деді.

Нұрдәулет Төлегенұлы, ОҚО ІІД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы :

Заңға сәйкес тек қана «босқын» мәртебесін алатын кісілер ол діни жағынан, сосын бір әлеуметтік топқа жататындығы, немесе мысалы өзінің мемлекетіне қарсы шығуына байланысты «босқын» мәртебесі беріле алады. Ал бұл өзінің елшілігіне де жүгіне алады және оның елі өзін қабылдап жатыр. Сондықтан босқын ретінде оны қабылдауға мүмкіншілігіміз жоқ. Егер сот шешімі күшіне енгеннің алдында бұлар шығып кетсе, Қазақстан аумағынан, оған шығу визасын береміз. Ал егер де шықпай жүрсе, әрі қарай оны әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қараймыз.

Ал Сирия азаматы Алладин Абдуальжабар Алматыда жаңа өмір бастағысы келеді. Қазақстанда жүргеніне екі аптаның жүзі болды. Сирияда әйелі мен үш баласы қалған, ал үйін бомба жермен-жексен еткен. Ұзақ жол жүріп, Түркияға жеткен, одан Алматыға табан тіреген. Бірақ төлқұжатында визасы бола тұра  кедендік аумақтан өту мұң болыпты.

Алладин Абдуальжабар, Сирия азаматы: 

«Неге бұл жаққа ұшып келдің?» деп  сұрайды. Визамды көрсеттім. Бірақ олар илана қоймады. «Визаңның мерзімі біткен» деп жібермеді. Тамақтандырды, әрине. Мен бұрын да Қазақстанда болғанмын. Мұнда тыныш, ал Сирияда соғыс жүріп жатыр, білесіздер. Бұл жерде менің туысым тұрады, соны пана тұтып келдім. Өз елімде өмір сүру мүмкін емес.Соғыстан қорықпаймын. Бірақ бір –бірімізді өлтіргеннен ауыры жоқ.

Алладин қазір Алматыдағы танысының үйінде тұрып жатыр. Ол да біздің елде уақытша тұрақтаған азамат. Алладинге қолқабыс жасаған да сол.

Усама Нуралдин, Сирия азаматы:

Заңға сәйкес Қазақстанда босқын мәртебесін алуға мүмкіндік бар. Халықаралық ұйымдар ұдайы көмектесіп тұрады. Алладинннің де заңды түрде құжатқа ие болатынына сенімдімін. Ол қазір есін жиып, бір шешімге келіп алсам дейді. Егер оны Сирияға кері қайтарар болса  өлімге итергендей болады. Идлиб шаһарын лаңкестер басып алған. Алладинге де «Қару алып,соғысасың. Болмаса, жеріңді тартып аламыз. Бұл жерден кет» деген. Бас сауғалап, Қазақстанға келгені сол.

Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюро өкілдері Қазақстан заңнамаларының халықаралық конвенцияға сәйкес келе бермейтінін жасырмайды. Азаматтық кодекске сәйкес келімсектер өз елінде өміріне қауіп төніп тұрғанын дәлелдеуі тиіс екен. Бюро өкілдері осыған таңданады.

Гүлмира Қуатбекова, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі xалықаралық бюроның заңгері: 

Ойлап көріңіздерші, өзі пана іздеп,босып жүрген  адам өміріне қауіп төніп тұрғанын қалайша дәлелдемек? Ауғанстанда дала командиріне немесе тәлібтерге барып «Мені кез келген уақытта өлтіретініңізді растаңызшы»  демек пе?! Ақылға қонбайды..

Бірақ  уәкілетті органға «босқын мәртебесін бер» деп міндеттеу қиын, әрине. Дегенмен бұл жерде адам тағдыры тұр.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері Қазақстаннан пана іздеген келімсектер қатары артып келеді.

Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроның дерегіне сүйенсек, 1998 жылдан бері 700 адам Қазақстанда босқын мәртебесін алыпты. Бірақ оны сұраушылардың саны бұдан әлдеқайда көп. Жыл сайын 50-ге тарта шетелдік өзіне Қазақстан тарабының осындай мәртебе беруін сұрап, өтініш жасайды.

Қазақстаннан пана сұрап жүрген отбасылардың қатарында Сирия азаматына тұрмысқа шыққан  қазақстандық Сандуғаш Раисованың жанұясы да бар. Олар Сириядағы соғыстан қашып, 2015 жылдың тамызында Қарағандыдағы туыстарын паналаған болатын. Өз еріктерімен көшіп келгендіктен, оның күйеуі мен балаларына «босқын» мәртебесі берілмейді. Қарағанды облыстық соты, кейіннен Жоғарғы сот осындай шешім шығарған. Дегенмен құзыретті орындар оларға осы жылдың 25-ші сәуіріне дейін елде қалуға рұқсат берген. Босқын мәртебесін алудан үмітті отбасы  БҰҰ-на хат жолдаған. Қазір жауабын тосып отыр. Бір күдік, бір үміт...

Айзада Төребекқызы, Серік Талас, Әділ Өнербаев «Біздің уақыт».