Жақында сенатор Әли Бектаев ана тілімізде балаларға да арналған кітаптар тым аз, деп алаң көңілді білдірген. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ... «себебі гонорар кішкентай» деп жауап берді. Министрдің айтқанын сөзбе-сөз келтірсек - «Жазушы болу пайдалы емес. Жастар қазір жазбайды, 350 мың теңге гонорар оларды құлшындырмайды». Жазушылық жаратқаннан деп ойлайтындар үшін бұл, жұмсартып айтқанда біртүрлі естіледі екен. Әрине, «қаламақы мүлдем маңызды емес» демейді. Бірақ... Аударма шығармалар біраз бар. Әйтсе де Д.Исабеков айтпақшы, кезінде айлығы 75 сом машинистка 5-10 тиынға кітапша сатып ала алса, қазіргі бағалар қалың көпшілікке ауыр. Ал ең маңыздысы - ұлт дүниетанымымен жазылған дүние ғой керегі! Алайда қазақ балалар әдебиетін шам алып, іздеушілер көп. Ришат Асқарбекұлының материалы.
Осыдан он жыл бұрын қабылданған заң бойынша жазушылардың қалмақысы 500-600 мың теңгеден аспайды. Ал оның шығармасы мемлекет қолдауымен кітап болып басылса, таралымы 2 мыңнан көп болмауы керек. Тиісінше, көз майын таусып жазған шығармасына, ол аз қаржы алады.
Сұлтанәлі Балғабай, жазушы:
Дүниежүзінде кітап шығару үш бөліктен тұрады: Бірінші: автордан сатып алу, 2-кітапты шығару, 3- сосын оны тарату. Осыған байланысты дүниежүзінде кітап саудасы ең титімді бизнес болып есептеледі. Басқаны қойғанда Ресейдің өзі осыған айырықша көңіл бөліп отыр.
Бірақ біздің елде осы нарықтық заңдылықтың үш қағидасы бірге жүрмейді. Үкімет кітапты басып шығаруға ат салысқанымен, автормен жұмыс жасау, туындыны саудалау ісінде бейтарап қалады. Парламенттің жұмыс тобында, сосын төменгі палатаның сүзгісінен өткен жаңа заңның редакциясы жақында Сенатта талқыланды. Онда мемлекеттік тапсырыспен шығатын басылымдардың таралымын 2 мыңнан 5 мыңға дейін ұлғайту бастамасы көзделген. Заң жобасын жасаушыларға сенсек, жазушылар қаламақысы да екі есеге ұлғаяды.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Баспа кітапты шығарғанда, авторлар оның құнының 10 пайызын ғана алады. Бұл шамамен 300-450 мың теңге арасында. Сондықтан жазушы болу бұл тиімсіз. Ол кітапты 5-6 жыл жазады, сонда алатыны 350 мың теңге. Неге қазақстандық авторлардың кітаптары жоқ. Себебі жастар жазбайды. Бұл ешкімді құлшындармайтын ақша.
Жазушы-драматург Дулат Исабековтің пікірінше, министрдің сөзінің жаны бар. Жаза беретін, ал жазбай қалса, ас батпайтын аға буын қаламгерлердің мардымсыз гонорарға бойы үйренген. Бірақ жастар прагматик, «жаз, жақсылап жаз, бірақ тегін жаз» деген ұранды олар қабылдамайды, дейді жазушы.
Дулат Исабеков, драматург-жазушы:
Біз сондай ұрпақпыз, әпенде ұрпақпыз, Қожаансыр сияқтымыз. Қаламақы бермесе де жаза береміз. Мысалы, мен, бірнеше пъесама қаламақы алмадым.
Альберт Эйнштейн «Бала ақылды болуы үшін не істеу керек?» деген сұраққа адамзаттың барлығына түсінікті тілде жауап қатқан. «Егер балаң ақылды болсын десең, оған ертегі оқып бер, одан да ақылы толыссын десең, көп ертегі оқып бер» деген екен. Қазақ балаларын қызықты сюжет, орамды өлеңдерімен тәрбиелеп келген Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Саттар Ерубаев, Ескен Елеукен, Мұзафар Әлімбаевтың ізін жалғайтын бүгінгі жастар кімдер? Үлкен жазушылардан сұрағанымызда, балалар туралы жазып жүрген кейінгі буынды танымайтындарын айтады.
Смағұл Елубаев, жазушы:
Дүкенге барған ата-ана баласына қажетті кітапты еркін сатып алуы керек. Оны іздеп табанынан таусылмауы керек. Бүгінде балалар әдебиетінің жазушылар көрінбейді.
«Айқын» газетінің жауапты хатшысы, ақын Серікбол Хасан балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жастардың бірі. Ол биылғы «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығында балалар әдебиеті саласында бас жүлдені жеңіп алды.
Серікбол Хасан, ақын:
Балалар әдебиетін жазуды қаламгерлер оңай нәрсе деп ойлайды. Тақпақ жазып жүрсің бе деп жеңіл-желпі қарайды. Шындығында ол, әдебиеттің ең төресі. Кішкентай кезінде балалар әдебиетін оқымайтын бала, ол- үлкейгенде үлкен прозалық, поэзиялық шығармаларды оқымайтыны даусыз.
Министр айтқан мардымсыз қаламақы балалар әдебиетіне де тікелей қатысты. -Алайда әдебиетті пайданың көзі деп емес, ардың ісі деп қараймын. Әрине көздің майын таусып, уақытты сарып етіп жазған соң, оның да белгілі бір деңгейде материалдық тұрғыдан бағаланғаны маңызды, дейді кейіпкеріміз. Ал негізі туындының парқын бағамдайтын әрине, оқырман.
Серікбол Хасан, ақын:
Бұрынғы Қадыр, Тұманбай ағаларымыздың кезіндегі гонорармен қазір жылап көрісетін жағдайдамыз. Бұрын олар бір шығармасына бір үйдің, ең кем дегенде бір көлік алатындай еді. Ал қазіргі қаламақы баспасына 10 мың теңгеден айналады. Мысалы 10 баспа табақтан 100 мың теңге пайда көресің. Бірақ оның өзін де жас қаламгерлер алып жарып жатқан жоқ.
Жазушы жазған-сызғанынан пайда көрмесе, кітаптан түсетін табыс қайда кетіп жатыр деген заңды сауал туады. Оның жауабын біз сөзге тартқан үлкен жазушылар баспаханалардан іздеңдер деп кеңес берді. Кітап сатылымнан түскен қаражаттың тек 10 пайызын автор алса, қалған 90 пайызы кітапты безендіріп, оны саудалауға жіберіле ме?!
Сұлтанәлі Балғабай, жазушы:
Біздің баспалар үкіметен бөлінген қаржымен ғана кітапты басады да, сол тапсырыста көрсетілген 2 мың тиражбен шектеледі. Байбалам сала бергенше, осы дүниежүзіндегі нарықтық экономиканың заңымен саланы қолға алып, жүргізетін кез жетті.
Әлмира Сужикова, Баспа үйінің бас редакторы:
Белгілі бір заң жоқ. Гонорардың көлемі туралы. Қай баспа өзінің жағдайы қалай келеді солай келіседі автормен. Тапсырыс берер алдында ганорармен келісіп аламыз. Кейбіреулер алдын ала алғысы келеді. Ал кейбірі айтады, менің сатылған шығармамның 5 пайызы, 7 пайызын бересің дейтіндер де бар.
Баспагерлер де шекеміз шылқып отырғаны шамалы,- дейді. Кәсіпкерлер кітап басу ісінде авторлармен жұмыс істеу жүйесінің жетілмегендігін айтады. Көбіне аудармаға иек артатын баспаханалар тапсырыстарға тәуелді. Ал балалар әдебиетіне қатысты идеялар мен тың шығармаларды шам алып іздеуге мәжібүр көрінеді.
Әділ Қойтанов, баспа үйінің директоры:
Көбі айтады, қазір балар кітап оқымайды деп. Олай емес. Себебі аталары, әжелері іздеп жүреді, кішкентай немерем бар еді деп кітаптар іздеп жүреді. Қазақша іздейді. Ал орысша толып тұр. Ресейдің мектеп жасындағы балар үшін үлкен бағдарламалары бар. Солардан үйрену керек.
Дулат Исабеков, драматург- жазушы:
Қазақ тілінде жазылып жатқан кітаптар, әсіресе балалар әдебиеті, тіпті қазақ ертегілерінің өзін шығару қымбатқа түсіп отыр. Бұрын балаларға арналған кітап 4 тиын, 5 тиын, 10 тиын болатын. Оны кез-келген 70 сом жалақы алатын машинистка 5 тиынға кітап алатын. Қазір олай ала алмайды. Ең арзаны 500-600 теңге. Сурет кітаптары тіптен қымбат. Сөйтіп біз баларадың туған әдебиетінен, қазақ әдебиетінің ертегілерінен ажыратып бара жатырмыз.
Егер кітап таралымы екі есеге артса, 2 млрд. теңге қаражат қажет екен. Биылғы бюджетте бұл мақсатқа тек 800 млн. теңге қарастырылған.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Жыл сайын жас қаламгерлер арасында «Дарабоз» байқауын өткізу дәстүрге айналған. Конкурсқа әп дегенде 500-ге жуық автордан шығармалар келіп түседі екен. Бұл балалар әлеміне қалам тербеп жүрген осыншама жазушы бар дегенді білдіре ме? Бірақ бүгінгі ойы озық, жаңа технологияға бейім балалардың сұранысына лайық туындылар жазылып жатыр ма?! Жалпы, қазақ баласына қандай шығарма керек? Сол бұрынғыша, ауыл өмірі, төрт түлік мал, әлде қалай? Бұл шын мәнінде рухани құндылық, мәдениет және табысты адам дегенді әр түрлі түсінетін қоғамда жауабы өте қиын сауал...
Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».