Қазақстанда 12 Қасым-Жомарт, 1 Путин, 1 Трамп және 8 Байден тұрады. Елімізде жаңа туған нәрестелерге саяси қайраткерлердің есімін беру сәнге айналған. Иә, қазір есім қоюда шекара жоқ. Тіпті, азан шақырып қойған атты өсе келе ауыстыра салу да - мәселе емес. Осылайша жыл сайын 10 мыңға жуық адам аты-жөніне өзгеріс енгізеді екен. Бұл қаншалықты дұрыс? Тақырыпты тілшіміз Мөлдір Жақан өрбітсін.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Түрік сериалын көріп отырмын. Мәссаған... Міне, қызық... Мына серия ұнап отыр маған... Алло?! Ооо, сіңлім дүниеге келді ме? Құттықтаймын! Бауы берік болсын! Есімің?.. Есімің қалай қойсақ екен?.. Хюррем деп қояйық!
Иә, перзенттеріне сүйікті сериалындағы кейіпкерлердің есімін беріп жатқандар да аз емес. Бірін Хюррем атаса, екіншісін Дейенерис деп жатады. Ал ол бала ер жетіп, ес білген соң есіміне разы бола ма, жоқ па – кейбір ата – аналарды бұл қызықтырмайтын тәрізді. Елорда тұрғыны Бегім Досжанға анасы одан кейін ұл тусын деген ырыммен Ұлжалғас деген есім берген. Айналасындағылар «Ұлжан» деп атаған. Алайда үйдегі бес қыздың кенжесі бұл есімнің өміріне жағымсыз әсер еткенін айтады. Сөйтіп былтыр отыздан асқан шағында азан шақырып, Бегім деген есімге ие болды.
БЕГІМ ДОСЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қызым туғаннан кейін оған өзім сияқты мықты, ер кісілерге де дес беретін, ер кісілердің қолынан келмейтін де нәрселерді істеп кететін қасиеттерімнің берілгенін қаламадым. Себебі әйел адам табиғатымен, жаратылысымен өте нәзік, сүйкімді, мейірімді болуы керек. Ондай қасиетті өзімде дамытып жүрдім және де түбегейлі осы мінезіме әсер еткен есімді де өзгертуге шешім қабылдадым.
Есіміне көңілі толмай жүргендер заң жүзінде өзі қалаған есімді таңдап алуға құқылы. Жыл сайын елімізде 10 мыңға жуық адам аты-жөніне өзгеріс енгізеді.
ТАЛҒАТ УӘЛИ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
10 жасқа дейінгі баланың аты-жөнін өзгерту ата-анасының өтініш жазуы негізінде жүзеге асырылады. Ал 10 жастан асқаннан кейін баланың келісімі сұралады. Ал 16 жастан кейін бала өз еркімен өтініш жазу арқылы аты-жөніне өзгерістер енгізе алады. Бірақ бұл дегеніміз – адамның аты өзгерсе, ЖСН өзгеріп кетеді дегенді білдірмейді. Тек аты-жөні өзгереді.
Асыл дінімізде есім ауыстыруға тыйым салынбаған. Бұл мәселеге зор мән беріледі. Тіпті, дүниеге келгенде әдемі есім қою - әкенің бала алдындағы ақысы саналады.
ЕЛБЕК ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Егер есімі ұнамай, жүйкесіне кері әсер етіп жатса, басқалары күліп, мазақтайтындай жаман есімдердің бірі болса, соны ауыстыруға рұқсат береді дініміз. Ал адамның есімі сол тұрғылықты елдің дәстүріне сай, ешқандай бір теріс ұғымы жоқ, әдемі есімдердің бірі болса, онда есімді ауыстыруды дініміз құптамайды. Өйткені әке-шешесі оны жақсы ниетпен қойды.
Халық арасында адамның есімі тағдырына әсер етіп жатады деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан әуел бастан сәбиге құлаққа жағымды, есті есімдер қойылса игі.