Қазақстанда күн сайын екі әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Осылайша жыл басынан бері 305 қыз-келіншектен айырылдық. Өкінішке қарай, жағдайлардың 15%-ы кеш сатысында анықталған. Жатыр мойны обырының дамуының басты себебі - адам папиллома вирусы. Бұл вирусқа қарсы ем жоқ. "Алайда ауыр дерттің алдын алудың жалғыз әдісі бар. Ол – вакцинация»,- дейді мамандар.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Адам папиллома вирусына қарсы екпе 11 жастағы қыздарға салынады. Дегенмен, 12-13 жастағы жасөспірімдер де ниет білдіріп жатса, екпе алуға құқылы. Әрине, ең бастысы ата-ананың келісімі керек. Вакцинаны оқушылар емханада, сонымен қатар Алуа сияқты мектептегі медициналық пунктте де қабылдай алады. Алуа, жана ғана сізге екпе салды. Ауырмады ма? Уайым болды ма?
АЛУА РАМАЗАНОВА, І. ЖАНСҮГІРОВ АТЫНДАҒЫ №58 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ:
Ауырған жоқ. Обычный прививка сияқты қойды. Қорыққан жоқпын. Уайымдаған жоқпын. Менің анам оның барлығын жақсы түсіндірді. Ол маған пайдалы болатынын түсіндім. Болашақта керек болатынын түсіндім. Менің анам маған тек жақсылық тілейді.
Екпені дәл осы жаста егудің өз маңыздылығы бар. Бұл уақытта баланың иммундық жүйесі қалыптасады. Сондықтан енгізілген вакцина өмір бойына жеткілікті болады. Қазір адам папиллома вирусы - әлемдегі ең көп таралған вирустардың бірі. Инфекция кез-келген жаста пайда болуы мүмкін.
АЙНҰР МАҚСҰТОВА, ПЕДИАТР-НЕОНАТОЛОГ:
11 жаста қыз балалар жетіліп үлгереді. Ағзаның анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері екпе егу процесінің қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар иммундық әсер де оң болады. Бұдан өзге 11-13 жаста қыз балалар белсенді өмір салтына көшеді. Бассейн, спорттық секцияларға, би үйірмелеріне жиі барады. Ал адам папиллома вирусы тұрмыстық жолмен де берілгендіктен, вирусты жұқтыру тәуекелдері жоғарылайды.
Қауіпті вирус тұрмыстық жолмен ғана емес, жыныстық қатынас арқылы да таралады. Сөйтіп, қатерлі ісіктің дамуының басты қоздырғыштардың біріне айналады. Жатыр мойны обырының 74,2% жағдайында биопсиялық материалда адам папилломасы вирусының 16 және 18 онкогендік типтері анықталған.
ДИЛЯРА ҚАЙДАРОВА, «ҚАЗАҚ ОНКОЛОГИЯ ЖӘНЕ РАДИОЛОГИЯ ҒЗИ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:
Бұл -өте қауіпті дерт. Жатыр мойны обыры ауырмайды, байқалмай дамиды. Сондықтан ол туралы әйелдер білмей қалып жатады. Қазақстанда бұл аурудың алдын алу үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Тегін диагностика қойылады, тұрғындар тегін скринингтен өте алады. Дегенмен, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 2100-ге жуық жағдайы тіркеледі. 600-ге жуық әйел осы дерттен көз жұмады. «Вакцина арқылы алдын алуға болатын бұл -обырдың жалғыз түрі»,- дейді мамандар. АПВ қарсы екпе салу науқаны басталғалы бері 1700-ге жуық қыз вакцина алды.