Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Тараздағы «Бұрыл» алқабында тұратын бұқара өркениеттен қалыс қалдық деп шу шығарды

AstanaTV
18.04.2017ж. 20:00
3739
Тараздағы «Бұрыл» алқабында тұратын бұқара өркениеттен қалыс қалдық деп шу шығарды

Тараздың шетіндегі «Бұрыл» алқабында тұратын бұқара "өркениеттен қалыс қалдық" деп шу шығарды. Айтуларынша, 25 жылдан бері жүрер жол мен ауыз су жоқ. Ал қатынас үшін қоғамдық көлік те жүрмейді. Қала тұрғындары "әрекетсіз отыр" деп шағымданған әкімдіктің жауабын Данияр Әлімқұл тыңдап келді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жолдың жыры осындай, жаңбырлы күні жанға батса керек, балшық кешкен бұқара арызын айтуға асықты. Кедір-бұдыр көшемен көлік тұрмақ, жаяу жүру мүмкін емес. Белуардан көлшік кешесің. Тұрғындар тозығы жеткен көшені «тозақ жолы» деп атап кеткен.

Айымгүл Арықбаева, Тараз қаласының тұрғыны:

Ешқандай жасамай жатыр жол. Мынау жүрісі елдердің бәрінің. Азып-тозып жүрміз. Анау жаққа, Гамалеяға жаяу барамыз, жаяу келеміз. Жол менен суды енді білмеймін, айта алмаймын! Болдық бітті, шаршадық.

Шайкүл Ырысбекова, Тараз қаласының тұрғыны:

Екінші топтағы өмірлік мүгедекпін. Мынандай жолмен жүру әшейін күні, осындай күндері жолға шығуға өте қиналып отырмыз. Осы қарыстай жерге асфальт төсеу онша қиындыққа соға қоймайтын шығар?

Алқапта 2 мыңнан аса адам тұрады. Жолы жоқ тұрғындарға ауыз су да арман болған.  Өздері қазып алған құдықтарынан шыққан су кәріз жүйелеріне жақын болғандықтан, ішуге жарамыз. Ал жауаптылар, тығырықтан шығу үшін 400 млн теңгеге су тартатын құбыр жүйесін жазда жүргіземіз, деп сендіреді.

Мақсат Нұржанов, Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Құбырларды жүргізіп бітіргеннен соң, жолдарды кейінге қалдырып жатырмыз. Биыл екінші жарты жылдықта қаражат бөлінгеннен соң,  біз жөндейміз. Жолға енді, бізде тас жолға арналған қиыршық тас дейміз ғой, 317 млн теңге керек. Сметалық құны бар бізде.

Бұқараның базынасы мұнымен бітпейді. Көшелерінде не аялдама, не автобус жоқ.  Қоғамдық көлікке міну үшін 3 шақырым жер жаяу жүреміз деп, жыларман болды. Алдағы маусым-шілде айларында қалалық құрылыс бөлімі бұл жұмысты қолға алмақ. Алайда, талай жылдан бері сенімдері ақталмаған көпшілік бұған да күмәнмен қарайды.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ