Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Осы апта алдағы парламенттік және мәслихаттар сайлауында бақ сынайтын саяси партиялар мен үміткерлер үшін соңғы үгіт аптасы

AstanaTV
14.03.2016ж. 20:00
1741
Осы апта алдағы парламенттік және мәслихаттар сайлауында бақ сынайтын саяси партиялар мен үміткерлер үшін соңғы үгіт аптасы

Осы апта алдағы парламенттік және мәслихаттар сайлауында бақ сынайтын саяси партиялар мен үміткерлер үшін соңғы үгіт аптасы. Алты саяси партияның ауқымды насихат шаралары еліміздің бірнеше өңірінде өтіп жатыр. «Нұр отан» партиясының саяси тұғырнамасы теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте таныстырылды. «Отпан Тау» тарихи-мәдени кешенінде өткен кездесуде нұротандықтар жергілікті ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерін партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Партияның сайлауалды республикалық штабы сонымен қатар маңғыстаулық мұнайшылар, темір жол қызметкерлері, теңізшілер мен құрылыс саласының мамандарымен кездесулер өткізді. Маңғыстау өңіріне партияның саяси бағдарламасында ерекше мән берілген. Республикалық штаб мүшесі Мейрам Пішембаев мемлекеттің үлкен мақсаты Қазақстанды Еуразия құрлығының басты көлік күретамырына айналдыру екенін атап өтті. Ал бес бірдей мемлекетпен шектесетін өңірдің бұл жоспардағы орны тіптен бөлек.

Мұхит Байдуллаев, «Концерн Найза-Құрылыс» ЖШС, «Құрық паром кешені» құрылысы нысанының жоба жетекшісі:

Дəл осы нысанның құрлысына ат салысқаныма қуаныштымын. Біз қазығын қаққан  нысан ғасырлар бойы ел игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Бұл тарихи жоба. Бізді еңбекпен қамтып, Маңғыстау өңірінің гүлденуіне мүмкіндік берген Елбасына алғыс айтамыз.

«Ақ жол» партиясының алматылық филиалының сайлауалды штабы вело-шеру өткізді. Жеті шақырымдық жолға партия мүшелері мен белсенді қала тұрғындары шықты. Өздерінің сайлауалды бағдарламасында негізінен кәсіпкерлікті қолдауға басымдық беретін ақжолдықтар, осындай іс-шара арқылы салауатты өмір салты мен қорғашан ортану қорғау ісіне көңіл аударады. Өткен аптада Шымбұлақтан шаңғымен түскен саяси ұйым мүшелері, бәсекелі бизнес құру үшін де мықты денсаулық керектігін айтады. Әл-Фараби даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысынан басталған шеру Тұңғыш президент саябағында мәресіне жетті. «Ақжолдықтар» бұл бастама жалғасын тауып, қатысушылардың қатары көбейеріне сенімді.

Ерлан Ақжолов, «Ақ жол» партиясы Алматы қ. сайлауалды штабы басшысының орынбасары:

Ақ жол партиясының үгіт насихат жұмысы аясында спортпен байланысы өте тығыз, зор және маңызды деп санаймыз. Өйткені салауатты саламатты азаматтар - елдің болашағы. Сондықтан да бүгінгі өткізіп  жатқан шара велопробег соған арналған болатын. Велосипед тебу деген мәселе өте маңызды, өте актуалды болып тұр қазіргі таңда.

Ауыл шаруашылығы саласында кәсіподақтар құрып, өндіруші мен өңдеушілердің қарым-қатынасын нығайту керек. Бүгін «Ауыл» партиясының сайлауалды республикалық штаб мүшелері «Қазақ картоп және көкөніс ғылыми зерттеу институтының» ұжымымен кездесті. Жиын барысында партия белсенділері «Дәстүрімізді ауылға қайтарайық» атты саяси бағдарламаларындағы ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға қатысты ойларын ортаға салды. «Ауылдықтар» әсіресе, мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы көздері мен субсидиялардың шағын кәсіпкерлерге жету мәселесіне тоқталды. Мемлекет бұл іске қыруар қаржы бөліп отыр. Бірақ оның кәсіпкерлер арасында әділетті үлестірілуінде кінәрат бар- деді партия хатшысы Бөрібай Жексенбин. Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығына тоқталды.

Нұрбай Жантілеуов, «Ауыл» ХДПП мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:

Ауыл шаруашылығында жеке қожалықтарды ірілендіруі, ғылымменен технологияны ұштастыру және келешекте барлық ауылшаруашылығы жөніндегі жоғары технологияны қолдану мәселесі біздің басты жоспарымыз. Бүгін міне, көріп отырып, осы мәселенің барлығын біз әлі де де жақындастыруымыз керек.

Білім беру ісінің сапасы мен бәсекеге қабілеттігі астаналық жоғарғы оқу орындарының бірінде Қазақстан коммунистік халық партиясы белсенділері мен ұстаздардың қатысуымен өткен жиында сөз болды. Қазақстан коммунистері дөңгелек үстел барысында өздерінің сайлауалды тұғырнамасының білім беруге арналған тармағын тарқатып айтты. Мемлекет дамуында ғылым-білім саясатына немқұрайлы қарауға болмайды -дейді коммунистер. Экономиканың қарқынды дамуында ғылыми-технологиялық жаңалықтардың маңызына Айқын Қоңыров тоқталды. Коммунистер оқу мекемелерінде алынған теориялық білімнің тәжірибемен ұштасуына ерекше мән береді. Осылайша ғана білімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттігіне қол жеткізуге болады. Партия аппаратының жетекшісі Виктор Смирнов, қоғамның әр саласына білімді, білікті мамандар тапшы деді.

Айқын Қоңыров, ҚКХП сайлауалды штабының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Білім беру саясаты - мемлекеттің басты саясатына жатады. Бұл әлеуметтік саясатты жақсартудың басты тетігі. Бұл арқылы ғылыми-технология дамиды. Бұл мәдениеттің өсуі. Ал бүгінгі коммунистік тәрбиенің негізі азаматтық патриотизмнен, ұжымдастырудан және интернационализмнен құралған.

Үгіт жұмыстарымен еліміздің шалғай ауылдарын аралап шыққан Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсенділері Атырауда мұнайшылармен кездесті. Жиын барысында социал-демократтар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының әлеуметтік-экономикалық даму жопарларын тарқатып айтты. Кездесуге партия тізімі бойынша депутаттыққа үміткерлер мен партияның өңірдегі мүшелері жиналды. Олардың айтуынша партияның барлық үгіт-насихат топтары еліміз бойынша ауқымды жұмыс атқарған. Кездесу тек үгіт жасау форматымен шектелмей, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерге қатысты ой бөлісу, пікір алмасу форматында өрбіді. Шара барысында саяси ұйымның жоспарларымен қатар қазақстандықтардың азаматтық белсендігі туралы көп айтылды. Социал-демократтар барша халықты жиырмасыншы наурыз күні өтетін сайлауға келіп, өз таңдауларын жасауға шақырады.

Жұмабай Доспанов, ЖСДП Атырау облыстық  филиалының төрағасы:

Сайлауға бару керек. Өзінің қалаған адамына ия болмаса партиясына дауыс берген жөн. Өйткені, өзі бірнеше жылда келетін сайлау адам өзінің таңдауын жасауы керек. Бұл- азаматтық борышы.

Бақытгүл Мәкімбай, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Әлеуметтік болғаннан кейін жас отбасылар сонан кейін елдегі шикізат өнеркәсібіне қатысты, сосын шағын және орта бизнеске қатыстысы бар оның ішінде. Ауылшаруашылығы саласын дамыту, салық салудағы жеңілдіктерді көтеру... бүкіл қазақ халқының басындағы әлеуметтік жағдайды шешу

«Бірлік» партиясының белсенділері Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесіне орай арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды. Елуден астам ғылыми еңбек ұсынылған шарада саяси ұйым мүшелері ғылым өкілдерімен бірігіп жасыл экономика мәселелерін сөз етті. Қазақстанның күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына 2 жарым миллиард киловатт-сағатты құрайды. Сондықтан табиғаттың өзінен қуат алатын жасыл технологияларды дамытуға айрықша көңіл бөлу керек деді партия мүшелері. Олар бұл іске қатардағы азаматтардың да атсалысуы маңызды екенін атады. Бүгінде отандық ғалымдардың осы салада алғашқы жетістіктері де бар. Қоршаған ортаны қорғау ісін сайлауалды тұғырнамасына арқау еткен «Бірлік» партиясы баламалы қуат көздерін дамытуға үлес қосамыз деп уәде берді.

Төлеген Қуанышев «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер

ЭКСПО-ға қатысатын елдердің әрбіреуі кем дегенде бір өздерінің ұсыныстарын алып келетін болса, сол тәсілдерді біз болашақта еліміздің тәжірибесінде пайдаланатын болсақ, біздер энергия қуатын үнемдеп және де оны тиімді пайдаланып табиғатымызды тазартамыз. Сол арқылы біз еліміздің өркендеуіне үлесімізді қосамыз.

Айта кетейік, алдағы электоралды науқанның үгіт жұмыстары осы аптада қортындыланады. 18-ші наурыз күні соңғы үгіт шаралары өтіп, он тоғызы тыныштық орнайды.

 Азамат АЛДОҢҒАРОВ