$518.97 €607.3 ₽6.64
×

«Аға, аға қараңызшы…Су табиғаттың апаты. Бірақ қашанға дейін біз осылай жүре береміз?». Су басқан елді-мекендер...

AstanaTV
22.04.2017ж. 20:00
5438
«Аға, аға қараңызшы…Су табиғаттың апаты. Бірақ қашанға дейін біз осылай жүре береміз?». Су басқан елді-мекендер...

Бенджамин Франклиннің жүз доллардағы бейнесі ғана «ыстық» емес, оның айтқандары да майдай жағады - өзендер мен нашар үкіметтердің бетінде ең жеңіл нәрселер қалқып жүреді. Су тасқынына байланысты таңдалған афоризм. Ақпан айында үкіметтің «төтенше жағдайға дайынбыз» дегенін былтыр дәл солай дегендерімен параллель етіп бергенбіз. Жағдайды көріп отырсыздар. Бұл айыз қанатын нәрсе емес. Бұл инерциямен айналып тұрған сағаттың шын мәнінде дұрыс істемейтініне кезекті рет нұсқау. Жыл сайын адамдардың үйлері құлап, малы өліп, мүлкі жарамсыз болып, онсыз да күйкі тіршілігі тіпті күйікке айналып жатса, «бірнәрсе» шынымен дұрыс емес, Өзен-көлдердің жағасын бекіткенде, жолдар, көпірлер, плотина, басқа да бөгеттер салғанда барлық нормалар мен ережелер сақталса, сапалы материалдар қолданылса мүмкін ақтөбелік мектеп оқушысы Мақсат Баймаханов облыс әкіміне «Аға, аға қараңызшы… Су табиғаттың апаты. Бірақ қашанғы саяжайға су келе береді? Қашанға дейін біз осылай жүре береміз?», — деп, шырылдамас па еді. Ал саяжайларды паналаған адамдарға заңсыз тұрып жатқандары туралы нотация оқып, тіпті зіркілдеу адамгершілікті былай қойғанда, тіршілікті дұрыс ұйымдастыра алмаған өздерінің өздеріне зіркілі екенін ұғар сана бар ма?.. Алдымен су басқан елді-мекендер жайында материал. 

Елдос Сапарғали, тілші:

Топан судан зардап шеккен Атбасардың қазіргі жағдайы осындай. Әрине, қазір су деңгейі әлде қайда төмен түскен. Дегенмен бір апта бұрын топан судың деңгейі мына үйлердің шатырына дейін жеткен болатын. Қазір бұл баспаналардың барлығы қаңырап бос тұр. Үрейі қашқан жергілікті жұрт енді жақын уақытта өз баспаналарына орала қоюы екіталай.

Тасқын судың алғашқы легі Досболат Сыздықовтың үйіне келген. Шаңырағында жеті адам тұратын отағасы бөгеттегі судың толып жатқанын көріп, шұғыл қамданыпты. Еш ескерту болмағандықтан абдырап қалған ол құжаттары мен ең керекті заттарды төбесіне көтеріп бала шағасымен үдере қашқан. Жыл сайын арнасынан асатын Жабай өзенінің тосын мінезіне үйреніп қалған Досболат, биыл бірақ дәл осындай апат болады деп күтпеген.  

Досболат  Сыздықов,  Атбасар қаласының тұрғыны:

14-ші жылы осылай болды 1 метр 30 сантиметр. Енді биыл 2017-ші жылы  60 сантиметрге қосылды. 1 метр 90 сантиметр болып жатыр. Сол енді, жаз бойы кептіру керек.

Кептіргеннің өзінде бір апта бойы су астында тұрған үйлердің іргетасы жарылып, қабырғалары ісініп кеткен. Сондықтан бұл баспаналар адам өмірі үшін қауіп төндіруі де мүмкін. Алайда кеше ғана  берекелі шаңырағында немересін ойнатып отырған отағасы енді тек су астында қалған суреттер мен балаларының ойыншығын теріп жүр.

Көршілес үйдің тұрғыны Руслан да қазір қайда барарын білмей дал. Тасқын судың жылдам келгендігі соншалық, үй иесі тек ең керекті заттарды ғана шығарып үлгеріпті. Ал қорадағы құстар мен мал сол күйі суға батқан.

- Никто не расчитовал что так будет. Благодаря дамбе наверное!

Дамба деп тұрған мына үйілген топырақ. 2014-ші жылғы тасқыннан кейін өзен шетіне арнайы бөгет салынған. Өткен жылы тиімділігін дәлелелдеген бес метрлік бөгет биыл да халықты топан судан алып аман алып шығуы тиіс болған. Алайда алты метрден жоғары көтерілген топан су бұл бөгеттен асып, үш жүзден астам үйді басып қалды. Тіпті кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин 200 миллионға тұрғызылған дамбаны сынға алып, қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеген болатын. Әкім бұл ретте былай дейді:

Андрей Никишов, Атбасар ауданының әкімі:

Мына тұрған бөгеттің құрылысына 158 миллион теңге жұсалды. Өткен жылғы тасқынның салдарын жою үшін 24 миллион бөлінген болатын. Бұл ақшаны да осы құрылысқа қосып отыр. Біз бұл ақшаны халықтың аулаларын қалыпқа келтіру жұмыстарына жұмсадық.

Шенеунік 158 млн теңге аз ақшадай айтады. Ал қазір не істеп жатыр десек, Көкшетау мен Алматыдан келген арнайы мамандардан комиссия құрылған. Екі апта ішінде олар келтірілген шығын мөлгерін есептеп, өтемақы мөлшерін анықтайды.

Андрей Никишов, Атбасар ауданының әкімі:

Өткен жылы біз тасқын судан зардап шеккендерге төрт үй салып берген едік. Бұл жолы жылдың соңына дейін барлық баспана мәселесін шешеміз деп отырмыз. Қалпына келтіруге келмейтін үйлерді сүріп, жаңа үй тұрғызу жоспары бар.

Қарағанды облысында да жағдай мәз емес. Соңғы екі тәулікте Сарытөбе, Чкалово, Садовое және 1-мамыр елді мекендерінен 800-н астам тұрғын мен 2 мыңнан астам мал эвакуацияланды. Садовое ауылынан 70 отбасы түгелдей көрші Гагарин селолық округіне көшірілген. Құтқарушылар Самарқанд пен Шерубай-Нұра суқоймаларында су жіберу артқандықтан тасқын күшейді деп түсіндіреді. Ал, тұрғындар болса құзыретті орындар ол процесті тым кеш бастады,- деп ызаланады. Айта кететін жайт, бұл ауылдарды жылдар бойы су басып келеді. Екі жыл бұрын тасқыннан жүздеген үй қирап, орнына жаңа баспаналар салынған. Қажыған халық ауылды басқа жерге көшіруді сұрайды.

Құрмет Уәжіпұлы, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Садовое ауылының тұрғыны:

1 метр су кірді үйдің ішіне.Дүние-мүлкіміз бәрі кетті.Оған не болғанын білмейміз.Алдын ала сброс тастауға болады ғой.Самарқандтың суын қоя беріп отырса орын болар еді.Әбден су келіп, жан-жағына жиналған кезде резко жіберді. Жылда ремонт істейміз. Немесе ауылды қалдыру керек немесе көшіру керек қой. Ешқандай жағдай жоқ.

Кітаптарын уайымдап, көз жасын көл қылған Махаббат есімді ақтөбелік оқушының зарын тыңдағанда онымен бірге ызаға булықпаған жан жоқ шығар. Қазірде бұл өңірдегі қауіпсіз аймаққа көшірілген екі мыңға жуық адамның уайымы осы. Мектептің спортзалында уақытша паналағандардың арасында еңкейген кәріден жас балаған дейін бар. Әзірге олардың өз үйлеріне қашан қайтатыны да белгісіз. Соңғы мәліметке сәйкес, Ілек және Қарғалы өзені маңында тұратын 650 үйге зақым келген.

 Ақтоты Әбдірахманова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

«Дамудан» жылыжай салу үшін былтыр  үш жарым миллион теңге кредит алғанбыз. Кеше суға кеткеннен кейін балаларымызды алып, квартираға кеттік. Соның арасында таңертеңге дейін теплицаға алған нәрселеріміз котеліміз, насосымыз, шлянгаларымызды бір түннің ішінде ұрлап кетті. Жалпы есеппен 2 миллион үстінде деуге болады.

Оразхан Қарлиханов, Жамбыл облыстық су ресурстарын басқару департаментінің меңгерушісі:

Тасқынның болатын бір себебі әр өзен алабында өзінің гидрологиялық режимі болады. Тасқын әр түрлі режимде қайталанып тұрады. Мысалы, Сырдария алабында 48 жылда қайталанып тұратын өту әдеті бар. Сол уақыттарда 1920 жылы 1969 жылы қайталанған. Келесі цикл осы 2017-ші жылға келіп тұр. Мұны біз бұған дейін айтқанбыз.

Шенеуніктер өз біліксіздігін табиғат апатынан көреді. Олардың жауап беретін күні келе ме? Сенатор Марат Тағымов Үкімет басшысына осылай деп сауал жолдады. Оның айтуынша, атқарушы орган жылда депутаттар алдында төтенше жағдайдың алдын алу үшін қыруар қаражат бөлуді қорғап шығады. Алайда, қайғылы жағдай жылда қайталанады. Биылғы су тасқынан ел бойынша 5 мың шаруа қожалығының жұмысы құрдымға кеткен. Депутат енді тұрғындар шығынын кім өтейтінін сұрады.

Марат Тағымов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Отандастамызды толғандырып отырған екі мәселе туындап отыр. Біріншіден, қиын жағдайға душар болған Үкімет тарапынынан қандай жәрдем көрсетіледі? Мұнадай жағдай орын алмау үшін Үкімет қандай шараларды қолға алмақшы?

Сенаторлар су тасқынан зардап шеккен аймақтарға бір күндік жалақыларын аударған. Алайда, 47 депутаттың қанша сома бергені белгісіз. Өйткені жалақы көлемін ешкімнің айтқысы жоқ.

Мы получаем зарпалту соответственно про работтаному времени согласно ответственности. Я уточню потом вам скажу...

Ал қарапайым қазақстандықтардың көмегі ұшан-теңіз.

Нарқозы Қаржан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті:

Еріктілердің жалпы саны 500-ге жетті. Қыздар, ұлдар бар. Күнде сағат екіде осында жиналамыз, қыздар мектептерге барады, ұлдар апат орынан барып, тікелей көмектеседі.

Береке Дүйсебеков, ОҚО жастар ресурстық  орталығының директоры:

Кез келген қандай қиын жағдай түспесін біз әрдайым бір-бірімізге қол ұшын созуға, осындай кезде өзіміздің бірлдігімізді, ынтымағымызды көрсететін сәт деп ойлаймын. Және де бүгінгі таңда бірнеше белсенді жастар, жеке кәсіпкер ағаларымыз, одан да бөлек қазір мемлекеттік мекемелермен басқа да ұжымдармен 1 күндік жалақыны аудару бойынша да жұмыстар атқарып жатырмыз.

Табиғаттың тосын мінезіне адам баласы қауқар көрсете алмайтыныны рас. Алайда өзен-көлдер маңында амалы жоқтар барып үй салғанда, жергілікті билік қайда қарап отырды? -деген сұрақ туады. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды деген бар ғой. Ылғи айтамыз, бірақ осылай қайталанады. Жұмыс істеу керек...

Елдос Сапарғали, «Біздің уақыт».