Нағыз мұсылманды киген киімінен емес, ішкі иманынан таниды. Кімнің жүрегінде сүйіспеншілік болса, соның иманы бар. Біз өркениетті әлемге қарай қадам басып, ғылым мен білім есігін ашуымыз қажет. XVIII-XIX ғасырларға дейін мұсылман дүниесі бүкіл әлемде көшбасшы болды. Ол ғылымның қайнар көзі, философтардың, дәрігерлер мен жазушылардың отаны болды. Қазір біз бұл жағынан көшбасшылық орнымыздан айырылып қалдық.
Президент Н.Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарымен кездескенінде айтқан.
Ал математик Асқар Жұмаділдаев, «Бәйтерек» порталына берген сұхбатында былай депті: ... Еуропа мұсылман ғалымдарының ілімін алып, Қайта Өрлеу дәуіріне өтті. Ал мұсылман әлемінде тоқырау басталды. Әдемі сөздерден басқа ешнәрсе жоқ. Біздің элита осы тұрғыдан соңғы бес ғасырда стагнацияда тұрғанымызды мойындауы керек... Мен бірде ағылшындардан мынаны естідім: сіздерге технологиялардың керегі не? Сіздерде керемет музыка, керемет мәдениет, сұлу әйелдер бар, солай қалыңыздар, туризмді дамытыңыздар, біз сіздерге барып тұрамыз - қарауға, тыңдауға, демалуға. Олай болмайды. Тірі балық тек мұхитта бар – не сен акула сияқты қорегіңді қуасың, не сені қуады. Өлі балық тек қалбырда болады. Ал бізге қалбырда жатуға ұсыныс тастап отыр...
Президент Н.Назарбаев имамдарымен кездескенінде былай да деген:
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы кезде жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесіп келеді. Бетін тұмшалап, бүркеп, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана-сенімімізге де, дәстүрімізге де келмейді. Қазақта қара киім кісі өлгенде киеді... Әрине әркімнің не кием десем, [өзім білем] дейтін [бостандығы] бар. Ол - басқа нәрсе. Мынау - әдейілеп тұрып бізге қарсы шығатын, қазақты бөлетін [құбылыс]. Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурстарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамымыздың ынтымағын бұзуға тырысушылар. Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр.
Еуразия Ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі, теолог Досай Кенжетай «Азаттыққа» берген комментарийінде - Тыйыммен ештеңе өзгермейді. Өйткені ол кезеңнен әлдеқашан өтіп кеттік. Бірақ Президенттің аузынан шыққаннан кейін біздің құқық қорғау органдарының назарына алынып, соның механизмдері жасалып, арбаны ды сындырмай, өгізді де өлтірмей жасап жатса, құба құп. Алайда менің соған күмәнім бар. Дәл қазіргі жағдайда балақ пен сақал тек сыртқы құбылыс, көзге көрініп тұрған. Ал көзге көрінбей, санаға әсер етіп жатқан үлкен каналдар жатыр. Оларды да күшпен тыя алмаймыз. Тек ғылыми таным мен діни танымды ұштастыра алатын орталық керек, - деген.
Тағы бір мәселе. Арақ-шарап жоқ демесеңіз, кісі қайтқаннан кейін берілетін құдайыда жайылатын дастарқан тойдыкінен еш кем емес. Кредит тойға ғана емес, намазға да алынады.
Той-томалақ, мереке-думанға көп баратын ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова ысырапшылдық пен даңғалазық жаназа дастарқанынан да байқалатынын күрсініп баяндайды. Ақын қыз жақында бір жақынының жаназасын шығарғанда да солай болғанын айтты.
Жұлдыз Қожабекова ақын, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Шынымен, той ма, садақа ма, ажырата алмай қалдық. Оның үстіне қазіргі садақалардағы бейнежазбалар, тамада құсатып тост сөйлеп... Еске алған жақсы шығар, бірақ мұсылман дінінде бұған қарсы сияқты. Дастарқаны... Құстың сүтінен басқаның бәрі бар дейді ғой, сондай. Тойдың дастарқанынан еш айырмасы жоқ. Бұның барлығы ысырапшылдық деп ойлаймын. Ол қайтыс болған адамға септігін тигізбейтін шығар, керісінше. Шарапаты тимейтін шығар деп ойлаймын. Қайтыс болған адамға ең бірінші ниет, сосын жақсылап оқылған құран ғой.
Көпті көрген ақсақал Есім Дауылбаев та дәл солай деді. Молда болғасын мәңгілік мекеніне кеткендердің жаназасын шығаруға жиі барып тұрады. Сондықтан қаралы үйдің дастарқаны той дастарқанынан еш кем болмайтынын жақсы біледі. «Тас түскен жеріне ауыр». Өзі қара жамылған отбасылардың қарызданып, қиналып қалатын кезі аз емес, -дейді ол. Кейбірі несие алады, тағы бірі тіпті, жаназа дастарқаны жайылған дәмханаларға берешек болып қалады екен.
Есім Дауылбаев, молда:
Оны жасыратыны жоқ, қазір бәрі беріп жатыр. Ойбай, балығын да қояды, тортын да қояды, алмасын да қояды. «Не көріп кетті» деп жатыр. Қайтқан адамның артынан тиетін не? Құранын оқытса! Оның бәрі екінші орындағы нәрсе ғой. Тіпті, кредитін өтей алмай, садақасын бере алмай, жатыр артынан. Күнде көріп жатқанымыз осы ғой. Қиналып жатқандарын. Артынан, тіпті, жалдаға кафесін де өтей алмай жатқандар бар.
Бұл сорақылық па? Бәлкім, дарақылық дерсіз? Ақтөбе облысының имамдары мен ақсақалдар қазаға түрлі-түрлі тағам қойып, мол дастархан жаюды доғару керек деген пәтуаға келді. Ендігі жерде мешіттердің жанындағы асханаларда берілетін құдайы тамақ сол құрылтайда бекітілген мәзір бойынша ғана өткізілмек. Бұл мәзірге нан, бауырсақ, жеті шелпек, май-қаймақ, өрік-мейіз, шайға тістейтін тәттілер мен ет кіреді. Мешіттен тыс жерлердегі рәсімдерде де қолданылса деп, үндеу тасталды.
Нұрлыбек Күзенбаев, Ақтөбе облыстық «Нұр ғасыр» орталық мешітінің наиб имамы:
Жалпы діни басқармаға қарасты осы Ақтөбе облысы бойынша мешіттерде болған асханаларда өткен садақаларда бұл дастархан мәзірі міндет! Жалпы 16 түрлі тағам бекітілді. Бұл өзімізге белгілі күнде қойып жүрміз, жеп жүрміз, біздің нанымыз, бауырсағымыз, шайымыз, маймыз, қаймағымыз, өрігіміз, құрмамыз деген сияқты. Кейбір кісілердің бұл дастарханды жасауға да шамасы болмауы мүмкін. Олар міндетті түрде осылай қою керек деген шарт емес. Әркім жағдайына қарау керек. Алайда, осы үндеуге құлақ ассақ, Алла тағаланың аятына, шариғатқа құлақ ассақ, бірізділікпен осы осы дастарқан мәзірін жайып, құранымызды оқып, дұға жасайтын болсақ, онда Алла тағала да риза болады, сауапқа да кенелеміз.
Бізде қалай - келген жұрт «дастарқандарында дым жоқ демесін»,
-деп «намыстанады». Иә, көпшілік
ысырапшылдыққа қарсы. Алайда бәрібір «ел не дейді?» деп ұялып тұрамыз.
Ұялатыннан ұялмаймыз.