$497.89 €525.12 ₽5
×

«Тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуы үшін ешқандай қиындықтар болмауы керек», - О.Бектенов

08.10.2024ж. 20:00
202
«Тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуы үшін ешқандай қиындықтар болмауы керек», - О.Бектенов

Халық қақаған қыста тағы тоңуы мүмкін. Өйткені көмір тапшылығы биыл да бар. Негізі елдегі отын қоры - 8,2 млн тонна. Жылыту маусымы басталғалы оның тек 3 миллионы жеткізілген. Бұл жылдық жоспардың тең жартысына да жетпейді. Жетіспеушілікті жою үшін үкімет оны тек лицензия арқылы экспорттауды ұсынды. Бұл мәселені шеше ме? Аружан Задабектің сюжеті. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Күн суыды. Жылу маусымы елдің басым бөлігінде басталды. Тек батыс пен оңтүстікте ауа райына байланысты осы айдың ортасына жоспарланып отыр. Елдегі отын қоймаларында 5,2 млн тонна көмір мен 88 мың тонна мазут жиналған. Бұл нормаға сай. Тек Риддерде жетіспеушілік байқалады.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Шығыс Қазақстан облысының Риддер жылу электр орталығында 2 қазандық жұмыс істеп тұр. 2 қазандықты жөндеу аяқталды, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Тағы 2 қазандықты жөндеу 10 қарашаға дейін аяқталады. Жылыту кезеңінде жұмыста 3 қазандық болуы тиіс.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Кейбір өңірлер көмірсіз қалуы мүмкін. Негізі отын қоры 8,2 млн тонна болуы тиіс. Жылу маусымы басталғалы оның тек 3 млн тоннасы жеткізілді. Бұл- жылдық жоспардың 37,1 проценті ғана.

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық. Министрлік тарапынан өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторингі жүргізіліп жатыр. Қазақстан темір жолы мен көмір өндіруші кәсіпорындар көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Сонымен қатар, әлеуметтік көмірдің елден тыс жерлерге кетуін болдырмау мақсатында көмір экспортына лицензия беруді көздейтін үкімет қаулысы қабылданды.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Тапшылық жылда байқалады. Бірдеңе болса болды «келесі жылы бәрін реттейміз» дейтін жауаптылар, биыл да істі алдағы уақытқа ысырып қойды. Халықты алдай ма, өздерін алдай ма, белгісіз. Әйтеуір былтырға қарағанда жетістік бар деп жуып шаюға тырысып-ақ жатыр. Мәселені осылай ушықтырып алғанымызды әлі де түсінбесе керек. Енді елде көмір тек лицензия арқылы экспортталмақ. Түйіткілдің түйіні осы болса жақсы. Болмаса сол сценарий қайталанғаны қайталған...

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өнеркәсіп және Көлік министрліктерімен бірлесіп, коммуналдық және тұрмыстық көмірді жеткізу бойынша барлық мәселені шешуі тиіс. Көмірді вагондармен тасымалдауға басымдық беру қажет. Тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуы үшін ешқандай қиындықтар болмауы керек.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Биыл 161 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 93 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен 104 шақырым желіні жаңғыртуға 69 млрд теңге, Үкімет резервінен 24 млрд бөлінді.