Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Газ саласы өз мамандарының үздігін анықтады

AstanaTV
21.04.2017ж. 20:00
2572
Газ саласы өз мамандарының үздігін анықтады

Үздік маман! Әр үйге жылу мен шаттық сыйлап жүрген газ мамандарының арасында да жүзден озған жүйріктері бар. Ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" компаниясының жұмыскерлері арасындағы биылғы байқау шеберлік сынасып, біліктілік бағалаудың озық үлгісін көрсетті. Шымкентте өткен бұл байқау «Интергаз Орталық Азия» компаниясының құрылғанына 20 жыл толуына орайластырылды.

Газ тасымалдау саласындағы 15 негізгі кәсіптік мамандық иелерінің шеберлігі сыналатын «Үздік маман» байқауына 100-ден астам жұмысшы қатысты. ҚазТрансГаз компаниясы мұрындық болған мұндай байқаудың технология дамыған қазіргідей шақта үйретері көп, дейді ұйымдастырушылар.

Мұқатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

Жылдан жылға құрылыстың да өзі дәрежесі өте жоғарылап келе жатыр. Қазіргі пайдаланып жатқан газ айдау, газ тасымалдау компрессорлық құрылымдардың өздері де қазір өте жоғары деңгейде. Оларды игеріп, оларды басқарып отыру үшін де біздегі жұмысшылардың да дәрежесі өте жоғары болуы керек, сол дәрежеге байланысты осы байқауды да көп пайдасы болады.

Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмек көрсетуден бөлек, теориялық білімдерін сынға салды. Кәсіби шеберлік байқауының шарттары қатаң. Ақтөбелік Марат Төремұратов диаметрі 120 миллиметрлік қалың құбырды белгіленген уақытта сапалы кесуі тиіс. Оның газ кесуші болып еңбек етіп жүргеніне жетінші жыл.

Марат Төремұратов, «Ақтөбе» МГБ газбен кесушісі:

Мұндай конкурстар өте бергені жақсы. Көп тәжірибе аламыз. Бір бірімізді үйретеміз, өзіміз сияқты бір бірімізден еңбек тәжірибемізді толтыра береміз ғой.

Байқау барысында электргазбен дәнеркерлеушілер, жонғыштар мен операторлар, желілік құбыр өткізушілер де бағын сынады. Олардың барлығы өз әріптестері арасында оқ бойы озық шыққандар. Білімі мен тәжірибесін сарапқа салған газ мамандары мұндай бәсеке кәсіби шеберліктерінің деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады. Үш күнге созылған байқауда жүзден жүйрік шыққандар арнайы марапатталды. Үздіктердің қатарында оза шапқандардың бірі - технологиялық қондырғыларды жөндеудегі темір ұстасы Амандық Сарманов. Ол 1-орынды жеңіп алды.

Амандық Сарманов, технологиялық қондырғыларды жөндеу шебері:

Еңбегімді ақтадым деп ойлаймын. Әлде де осы жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Үміт артып отырған артымызда желілік өндірістік басқармамыз, магистральдық газ құбыры Ақтау филиалының атын ақтадым деп ойлаймын.

Айта кетейік, барлық жеңімпаздар жоғары кәсібилігі үшін дипломмен марапатталды. Ал оза шапқандар енді ҚазМұнайГаз компанияларының арасында сынға түсіп, шеберлік сынаспақ.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ