$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Елордада ұлттық ат спорты түрлерінен фестиваль өтуде

11.10.2024ж. 20:00
53
Елордада ұлттық ат спорты түрлерінен фестиваль өтуде

Елдің Солтүстік өңірлерінде бәйге мен көкпарды дамыту керек. Бас қалада осындай мақсаттағы ұлттық ат спорты фестивалі өтуде. Шара Республика күніне және мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Берекелі бастама туралы толығырақ тілшіміз айтады. 

Көпшілік көптен күткен дүбірлі доданың ерекшелігі Солтүстік өңірде туған шабандоздар ғана қатысады. Ондағы мақсат Арқа даласында көкпар мен бәйге түрлерін кеңінен таратып, насихаттау, ұлттық ат спортын қарқынды дамыту.

ЕРЛАН ҚАНАПИН, АСТАНА КӨКПАР КЛУБЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Енді Оңтүстікте жаппай көкпар, шабандоздар көп та. Бізде сәл-сәл аз. Енді осыны дамытып міне, қаншама өзімізде тума шабандоздар бар екенін көріп, осындай турнир ұйымдастырылып жатыр. Бүгін Астана қаласы, Ақмола облысы, Қарағанды қаласы, Қарағанды облысы, Павлодар қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарынан кеп тұр.

Жарыстарды өткізу 3 күнге жоспарланған. Бүгін көкпардан алғашқы ойын өтті. Онда әр өңірден келген 7 команда бақ сынады. Жаттықтырушылар "бұл спорт түрі Солтүстікте жылдам дамып келеді" дейді.

ЕЛАМАН ОДИАСХАН, ҚАРАҒАНДЫ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАПКЕРІ:

Негізі Оңтүстікпен теңесіп қалды командалар. Енді бұрынғы Әулиеатамен, Түркістанмен салыстыруға келмейтін шығар, бірақ деңгейіміз көтерілді ше. Әжептәуір көтерілді бұрынғыдан қарағанда. Енді жаппай көкпар ол жақта қатты дамыған ғой. Бізге енді-енді келіп жатыр. Енді Солтүстік деп жасап жатқан осы жүйе іске асып кетсе, бізден де мықты-мықты палуандар шығып, Оңтүстікпен теңесетін жағдайға жетеміз Алла қаласа.

Жарыстың жүлде қоры да аз емес. Көкпардың жеңімпазы 5 млн теңгеге ие болады, ондағы жалпы жүлде қоры 12 миллион теңге. Бәйге түрлерінен болатын жарыстарға жалпы жүлде қоры 20 миллион теңге қарастырылған. Төрешілер барлық сайыс әділ болатынын, сондай-ақ іріктеудің де дау-дамайсыз өткенін айтты.

ЕЛДОС ТІЛЕБАЛДИЕВ, БАС ТӨРЕШІ:

Оңтүстіктің тумалары қосылмайды. Кеше документациясын да қарадық, бәрін тексердік. Командалық көкпар федерациясының бекітілген ережесі бар. Сол бойынша ойын өткізіліп жатыр. Ережеге сай. Бұл жерде бәрі қатыса береді. Жаңағындай икемі бар, денсаулығы жақсы жігіттерге рұқсат етілген.

Көкпардың финалы мен бәйге түрлерінен жарыстар “Қазанат” ипподромында ертең өтеді.