Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстан құрамасы әлемдік топта өнер көрсете алмайды

AstanaTV
24.04.2017ж. 20:00
2670
Қазақстан құрамасы әлемдік топта өнер көрсете алмайды

Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Федерация кубогының плей-офф бәсекесінде сүрінді. Канаданың Монреаль қаласында өткен тартысы кездесуде отандастарымыз 2:3 есебімен қарсыластарына жол берді.

Байрақты бәсекеге бетін бояп дайындалған қазақстандық жанкүйерлер тенисшілерді барынша жігерлендіруге тырысты. Себебі жарыстың алғашқы күні Путинцева Андеескудан басым түсіп жалпы есепті 1:1 -ге жеткізген болатын.

Әлемдік топтың жолдамасы сарапқа салынған тартыста біздің құрама фаворит саналған. Алайда жергілікті тенисшілердің іс жүзінде дайындығы жоғары болып шықты. Алғашқы сетте 1:3 есебімен алда тұрған Путинцева білгенінен жаңылып, қарсыласқа есе жіберді. Алайда рейтинг бойынша канадалық спортшыдан әлде қалай жоғары тұрған Юлия бұл сәтсіздікті былай түсіндірді.

Юлия Путинцева, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

Төрешілерге не болғаны белгісіз. Көп қателесті. Теннисте ойыншы ракеткасын сындырса, оған бірден айыппұл салынады. Ал төрешілер бір емес, бірнеше рет қателессе де, оларға еш ескерту жасалмайтындығы қынжылтады. 

Шешуші кездесуде Ярославаға сенім болған. Ойынды сәтті бастаған отандасымыз алғашқы сетті тай-брейкқа дейін жеткізген болатын. Алайда сындарлы сәтте сыр беріп, канадалық жас қызға есе жіберді.

Дияс Досқараев, теннистен Қазақстан құрамасының капитаны:

Жеңіске деген жігер жоқ. Біздің теннисшілер тек қарсыластың қателігін күтумен жүрді. Бір түсінгенім - құрамаға Зарина Диас жетіспейді. Жұптық теннисте ойнайтын екі ойыншыдан, жекелей сында жақсы өнер көрсетіп жүрген үш теннисші артық. 

Осылайша Қазақстан құрамасы кезекті рет әлемдік топқа шығу мүмкіндігінен айырылды. Келесі жылы біздің теннисшілер қайтадан Азиялық аймақтың бәсекесіне қатысатын болады.

Елдос САПАРҒАЛИ