$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тұқым қуалайтын аурулар бойынша құзырет орталықтары құрылады

AstanaTV
14.10.2024ж. 00:30
242
Тұқым қуалайтын аурулар бойынша құзырет орталықтары құрылады

Қазақстандағы ересек халыққа неврологиялық көмек көрсету стандартының жобасы әзірленді. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжат Ашық НҚА порталында орналастырылды, деп хабарлайды KAZINFORM.

Стандарт жобасында негізгі және екінші профилактика, жүйке жүйесі ауруларын емдеу, барлық кезеңінде сабақтастықты сақтау бойынша іс-шараларды жүргізу бөлігінде ұйымдар қызметінің негізгі міндеттері мен бағыттары жаңартылды. Ұсынылып отырған стандарт жүйке жүйесі ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алудың жаңа заманауи әдістерін енгізуге ықпал етеді.

«Неврологиялық науқастарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың жүйке жүйесінің аутоиммунды аурулары бойынша құзырет орталықтарының құрылымы, амбулаториялық-емханалық деңгейде, медициналық ұйымдардың міндеттері мен функциялары, жүйке жүйесінің аутоиммунды аурулары бар науқастарды тексеру, емдеу жүйелендірілді. Сондай-ақ динамикалық бақылау бойынша мамандандырылған мамандардың функциялары, медициналық көмек көрсету деңгейіне, нысанына, жағдайына байланысты олардың біліктілігіне, уақыт нормаларына, ең аз штаттық және материалдық-техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптар бір жүйеге келтіріледі», - деп атап өтті ведомстводан.

Құжатта аутоиммундық аурулар, жүйке жүйесінің нейродегенеративті және тұқым қуалайтын аурулары бойынша құзырет орталықтарын, көпсалалы ауруханаларда облыстық деңгейде құру қарастырылған. Бұл орталықтардың функциялары – жүйке жүйесінің аутоиммунды аурулары бар науқастарды тексеру, емдеу, динамикалық бақылау, науқастарды, егер медициналық көрсетілімдер болса, мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, медициналық көмек көрсететін стационарға медициналық көмекке жіберу.

Аталған құзырет орталықтарын ұйымдастыру неврологиялық аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға, диагностиканы жақсартуға және пациенттердің осы санатына уақытылы, консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Стандарт жобасы 28 қазанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.