$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Миллионмен декретке шығу заңды ма?

14.10.2024ж. 20:00
231
Миллионмен декретке шығу заңды ма?

Бала туып баюға болады. Қазір желіні ашып қалсаң не көп, декретке миллионмен шығаратын коучтар көп. Оларға аз-маз теңгесін ұстатсаң болды, нәрестеңді қолыңа ала сала ақшаның астына қаласың. «Дипломсыз заңгерлер» қыз-келіншектерге ана болып-ақ мықты табыс табуға болатынын үйретіп жүр екен. Бұл қаншалықты заңды? Аружан Задабек зерттеп көрді. Әйелдер қауымына құлаққағыз болсын, экранға жақын отырыңыздар! 

Иә, көзіңді аша сала шотыңдағы қомақты ақшаны көру кім-кімді болмасын қуантады. Желіні ашып қалсаң «миллионмен декретке» деген жазбадан көз сүрінеді. Бәрінің үйретері бір. Ол үшін жүкті әйел өзін жеке кәсіпкер ретінде тіркейді. 5-10, керек десең 20 «ип» ашып, әрқайсысына ай сайын теңге салып отырады. Сол арқылы 12 айға жалған максималды табыс көрсетеді.

Мұндай жарнаманың кемінде біреуі күнделікті алдыңыздан шығады. Астына жазылған пікірлердің санында шек жоқ. Бәрі бірден миллионер болуды армандайды. Армандап қана қоймай, қол жеткізгендері де бар.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 7 ИП-мен шықтым. Ондай қатты проблема болмады. 1 айда 4 миллион алдым.
- 4-5 ИП-мен шығып алғандар бар ма? Мен тапсырып қойып едім қосымша құжат сұратты.
- Мен жұмыс және бір ИП-мен шықтым. 28 тамызда тапсырдым, 5 қыркүйекте түсті. 2 миллион бірден алдым. Босанып жауып тастадым ИП-ны.

Енды мына деректі қараңыз. Соңғы екі жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендердің саны күрт артқан. Бәрінің не істеп, қандай іспен айналысып жатқаны белгісіз. Оның тең жартысы декреттегі миллион үшін уақытша тіркелген болуы әбден мүмкін. Әзірге оны салық органдары қадағалай алмай отыр. Осыдан жарты жыл бұрын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бірнеше өкілі бас көтеріп, оларды жазалауды талап еткен. Бірақ мәселе сол күйі шешілмеді. Ешкім тексеріп, бас ауыртқан да жоқ. Бірақ заңгерлер бұл уақытша дейді. Мерзімі келе бәрінің беті ашылатынына сенімді.

НҰРЛАН ЖАҢАБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Құжаттардың барлығы ҚР құзырлы органдары, басқа мекемелермен тексеріледі. Азаматтар құжаттардың барлығын тапсырады электронды түрде. Содан кейін әлеуметтік қор тексеріледі. Оған қоса, салық органдары тексеріледі.

Миллионға әркімнің-ақ бар таласы. Бұл - "қолдан келсе қонышыңнан бастың" кейпі секілді. Өйткені мемлекет тарапынан жүкті не жаңа босанған әйелдерге берілетін жәрдемақы жоқ емес, бар. Жұмыс істемеген күннің өзінде аз-маз үлесіңді ала аласың.

АЛТЫНЖАН МАЯСАРОВА, ҚР ЕХӘҚМ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Бірінші, екінші, үшінші балаға 38 АЕК, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК қамтиды. Одан кейін бала туылғаннан кейін жұмыс істемейтін аналарға республикалық бюджеттен бала күтіміне байланысты жәрдемақы қарастырылған. Ол бала 1,5 жасқа толғанға дейіне тағайындалып, төленеді. Баланың туу ретіне қарай сараланған.

Бір сөзбен айтқанда бұл - заңды белшеден басу. Қолынан келгендерін істесін дейін десең, оның бәрі статистикаға әсер етеді. Елімізде тіркелген жеке кәсіпкерлік саны бір жылда 8,5%-ға өскен. Былтыр да аз болған жоқ. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Биыл шағын кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий күшін жойды. Бұған қоса, жалпыға бірдей декларация бар. Демек, өтірік ақша алу үшін “бизнесмен” атанғандардың әрекеті әшкере болуы мүмкін