"Ауруханаға өз аяғымен барып, мүгедек болып қайтты". Ақмола облысының тұрғыны дәрігерлердің салғырттығынан жүре алмай қалған. Неге? Мәселенің мән-жайын тілшіміз тарқатып айтады.
Рысты Нұқыпбаева Степногорск қаласындағы психиатриялық ауруханаға жоспарлы ем алуға барған. Бірақ, ұлының айтуынша 3 күн өтер-өтпес түн ортасында телефон шалып, науқасты алып кетуді талап еткен. Ауруханаға өз аяғымен барған адамды арбамен алып шықтық дейді.
СЕРКЕН НҰҚЫПБАЕВ, ТҰРҒЫН:
Есік ашылады. Ол кісіне мүгедектер арбасымен алып шығып жатыр. Мен шошып кеттім. Не болды? Мына кісіге не істедіңіздер, - деп сұрадым. Біз ештеңе істеген жоқпыз, жай ғана жағдайы нашарлап кетті, - деді. Өз аяғымен келген, физикалық сау адам сол аяғы ісіп кетіпті. Тұра алмайды да, сөйлей де алмайды. Тура инсульт болған адам сияқты.
Серкен Нұқыпбаевтың айтуынша, тіпті, оған дәрігерлер сес көрсеткен. Алып кетпесе, қарттар үйіне жібереміз депті.
РЫСТЫ НҰҚЫПБАЕВА, ТҰРҒЫН:
Нашар қарады маған.
Бастапқыда Қосшы тұрғыны анасын үйіне алып кетіп, ештеңеден сезіктенбеген. Алайда оны рентгенге түсіргенде аяғы сынғаны белгілі болды дейді.
СЕРКЕН НҰҚЫПБАЕВ, ТҰРҒЫН:
Анамның өмірін быт-шыт қылды. Аяғының сынғаны, тромбоз, урология – барлығы бірінің үстіне бірі қосылып кетті.
Анасының денсаулығына алаңдаған азамат 4 ай бойы емдеймін деп біраз жерге барған көрінеді. Нәтиже жоқ. Сонан соң прокуратураға шағымданған.
ДАНИЯР ІЗБАСАРОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
Медициналық қызметкерлердің заңсыз әрекеттері және әрекетсіздіктері бойынша арыз келіп түсті. Ол арыз қаралып, әкімшілік процестік-процессуалдық кодекстің 65 бабына сәйкес, полиция органдарына жолданды. Тексеру жүргізіп, қорытындысын алу үшін медициналық және фармацевтикалық бақылау Ақмола облысы бойынша департаментіне жолданды.
Ал Ақмола облыстық медициналық-фармацевтикалық бақылау департаменті шағымдағы құжаттың толық емес екенін айтады. Сол үшін іс қазір тұралап тұр.
АРМАН ҚАНАТҰЛЫ, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Осы факт бойынша қайта шағым түсіріліп, құжаттар толық болса, департамент тексеріс жүргізеді. Егер айтылған фактілер расталса, іс құқық қорғау органдарына қайта жіберіледі.
Әділдік іздеп шырылдаған жанның тілегі – анасын жақсы оңалту орталығына орналастырып, кінәлілерді жауапқа тарту.