Негізгі / Жаңалықтар / Жамбылдық жігіт Қарағандыда ірі көлемдегі есірткімен ұсталды

Жамбылдық жігіт Қарағандыда ірі көлемдегі есірткімен ұсталды

Қарағандыда 26 келі гашиш тасымалдап бара жатқан күдікті қолға түсті. Облыстық ІІД-нің хабарлауынша, Шу қаласының тұрғыны «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде ұсталған.

Ұсталған азамат ірі көлемдегі есірткі затын пакеттерге орап, көліктің артындағы жүк салғышқа тыққан. Сөйтіп, Шу қаласынан Қарағандыға жеткізу үшін келе жатқан. Алайда,  «Соқыр» бекетінде көлігін тінту кезінде айласы әшкереленіп, күдікті қамауға алынған. 28 жастағы жігіттің сыбайластарын анықтау операциясы жүргізілмек. Ал оның үстінен ҚК-тің 297-інші, яғни «Аса ірі көлемдегі есірткі затын тасымалдау мақсатында заңсыз сақтау және сатып алу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Полицейлердің айтуынша, айыпталушы бұл қылмысы үшін 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Тәркіленген «гашиш» заты қара базарда шамамен 4 млн теңгеге бағаланады екен.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Көлікті тінту барысында көліктің жүк салғыш бөлігінен 26 кг «гашиш» есірткі заты тәркіленді. Ұсталған азамат уақытша қамау изоляторына қамалып, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айжан ҚУАШ