Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Оралдың жылу беру мекемесі қарыздың кесірінен газсыз қалды

AstanaTV
25.04.2017ж. 20:00
2864
Оралдың жылу беру мекемесі қарыздың кесірінен газсыз қалды

Жылыту маусымы аяқталған тұста Оралдағы «Жайықжылуқуат» мекемесі тағы да қарызға батты. Бұл жолы кәсіпорынның газберушілерге берешегі 620 миллион теңгеден асыпты. Қарызын қайтара алмаған газ жеткізушілер жылу орталығын ақыры көгілдір отыннан ажыратып тынды. Осыдан кейін ғана тараптар өзара мәмілеге келе бастады. Мәселенің мән-жайын Еркін Карин тарқатады.

Еркін Карин, тілші:

«Жайықжылуқуат» мекемесінің өкілдері қазір кәсіпорынның штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтады. Газ беру тоқтатылғасын, қолда бар резервтік мазутты қолдануға тура келіпті.

Осылайша қаладағы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту тоқтатылған жоқ, дейді. Бірақ өздерін осындай күйге түсіргені үшін, жылу ақысын уақытылы төлемеген тұрғындарды кінәлайды.

Нұрболат Жұмалиев, «Жайықжылуқуат» АҚ техникалық директоры:

17 сәуірде түс ауа газдан ажыратып тастады. Осыдан кейін резервтік мазут қорын қолдануға мәжбүр болдық. Егер тұрғындар қарызын уақытылы төлесе, газ берушілерге берешек болмас едік. Бұл жерде біздің кінәміз жоқ.

Бірақ мазуттың да қоры өлшеулі болып шықты. Қолда бар қордың қуаты бір аптадан асар аспас. Сондықтан дауласқан тараптардың келіссөз жүргізуіне тура келді.

Қуаныш Шарафутдинов, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Сәуірдегі жағдай бойынша «Жайықжылуқуат» 621 млн тг бережақ. Екі компанияның басшысы араларында келісім жасап жатыр. Келісімдерге сәйкес, берешектерді өтеу кестесі жасалған. Бүгін-ертең газды қосу жоспарланған.

«Жайықжылуқуат»  өкілдерінің сөзінше, бұл берешек ақпан мен наурыз айында жиналған қарыз.

Еркін Карин, тілші:

Мәселен, қалалық электр тарату компаниясының қарызы 123 миллион теңгеге жетсе, тұрғындар берешегі 700 миллион теңгеден асады. Ал «Жайықжылуқуат» тұтынылған газ үшін биылдың өзінде 1,654 млрд теңге төлеген екен.

Редакциямызға жаңа ғана келіп түскен ақпаратқа сай, "Жайықжылуқуат" мекемесіне газ қайта беріле бастады. Арадағы уағдаластық бойынша жылу беруші мекеме 621 миллион теңге қарызын 1 маусымға дейін төлеп бітіруі тиіс.  

Еркін КАРИН