$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Жасанды интеллект нарративі қазіргі кезде әлемді екіге бөлді", - С. Жүнісов

"Жасанды интеллект нарративі қазіргі кезде әлемді екіге бөлді", - С. Жүнісов

Қазір жасанды интеллект десе, халықтың көзқарасы екіге бөлінеді, дейді сарапшы Серік Жүнісов. Ол әлем тез өзгеріп жатқандықтан, алдағы 20 жылдықты бағдарлау біз үшін өте маңызды екенін айтуда. Келешектің бейнесін айқындауда шетелдік футурологтар, ғалымдар, саясаткерлер мен жазушылардың пікірін білу аса қажет. Осы мақсатта елордада CONNECTED-2024 халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Шараға 20 мемлекеттен 1500-ге жуық делегат, 100-ден аса сарапшы келген. Олар ғылым-білім, инновация, цифрландыру және экология мәселелерін талқылауда. 

СЕРІК ЖҮНІСОВ, CONNECTED ИДЕЯСЫ АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ:

Жасанды интеллект нарративі қазіргі кезде әлемді екіге бөлді. Бір жартысы жасанды интеллект адамзатты құртады деген идеяны айтып жүрсе, екінші жартысы жасанды интеллект – әлемдегі ең негізгі мәселелердің шешімі деп айтады. Яғни соғыстан бастап, экономикалық, экологиялық мәселелерге дейін. Бүгін де біз осындай әр тарапты ұстанатын спикерлерді осы іс-шараға шақырдық.

Ауқымды шарада негізгі спикерлер жазушы және гуманист Герд Леонгард, тарихшы, футуролог, адамзаттың болашағы туралы бестселлерлер авторы Юваль Ной Харари және жасыл экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг болды. 

РАЕ КВОН ЧУНГ, ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА САЛАСЫНДАҒЫ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Біз қазір жаңа кезеңге аяқ басып жатырмыз. Сондықтан жаңа технологияларға көбірек бағытталған нарықтық жүйені, сондай-ақ жоғары сапалы саяси жүйелерді қалыптастыруымыз керек. Ол тек арнайы оқулықтар негізінде шектеліп қалмауы қажет. Жаңа құндылықтар жүйесіне, сондай-ақ қол жеткізуге болатын жаңа негізгі мақсаттарға негізделуі керек.