$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Ақтөбеде Шилісай ауылында оқушылар екі күннен бері мектепке бара алмай отыр

22.10.2024ж. 20:00
118
Ақтөбеде Шилісай ауылында оқушылар екі күннен бері мектепке бара алмай отыр

Ақтөбенің іргесіндегі Шилісай тұрғын үй алабында оқушылар екі күннен бері мектепке бармаған. Жүзден астам бала жолдың жоқтығынан білім ордасына қатынай алмай отыр. Ауылда жөнді жол жоқтығынан мектеп автобусы ауылға кіре алмапты. 

Шилісайда тоқсаннан астам отбасы тұрады. Тағы жүз үйді салып дайындап қойған. Бірақ ауылда жол жоқ. Жауын жауса, жұрттың көретін күні осы. Ауыл іші ми батпақ. Тобықтан келетін сазбалшық, аяққа жабысып қамырша иленіп жатыр.

ГАУХАР ШАХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз қойшы ауыл сияқтымыз тікелей айтқанда менің өзімнің мүгедек балам бар. Онкологиямен ауырады. Біздер мектепке жету үшін үйімізден шебень жолға дейін орталықтағы 1 км жаяу жүреді. Оның аяғында опуколь. Оған көп қимылдауға болмайды. Осы ауылда 4-5 мүгедек бала бар ешқандай жағдай жасалмаған.

Тіпті күні кеше мектеп автобусының өзі ауылға кіре алмай батып қалған. Балалар тобықтан балшық кешіп, үйлеріне әрең жетіпті. Сондықтан бүгін ата-аналардың көпшілігі балаларын мектепке жібермеген.

АМАНГҮЛ ЛЕСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бүгін міне кіре алмады автобус дейтін. Бүгін жіберген жоқпын. Ертеңнен бастап тағы жаңбыр көрсетіп тұр. Тағы жібере алмайсың. Мына жерден түсіріп кетті. Нолевойдың баласы су, су аяғы балшық болып келді. Түнімен ауырып шықты. Уже жүрегіміз ауырады.

БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұл Шилісай ауылында 2017 жылы зәулім мектеп салынған. Бүгінде білім ордасы қаңырап бос тұр. Ауыл балалары көршілес ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр.

Бұл мектеп бір мың екі жүз балаға шақталған. Әкімдіктегілер құрылыстың ұзаққа созылуының өз себебі бар дейді.

АСЛАНБЕК ШҮЙІНШАЛИЕВ, АЛМАТЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Себебі корректировка болды. Мердігерлер өзгерді. Облыстық құрылыс басқармасынан нақтыладым. Жалпы жаңа жылға дейін бұл мектепті аяқтаймыз деп отыр.

Ауылда ауыз су да тапшы. Бүкіл жұрт бір колонкадан суды тасып ішіп отыр. Қазір елдімекенге су жүргізу үшін құбыр тартып жатқандықтан жол мәселесі әзірге шешілмейді. Әкімдіктегілер 350-400 шақырым жерге демеушілер есебінен шиыршық тас төсеп береміз деп уәде берді.