$495.2 €522.34 ₽4.94
×

Елімізде 200-ге жуық барыс бар

Елімізде 200-ге жуық барыс бар

Бүгін – Халықаралық қар барысы күні. Қазір елімізде 200-ге жуық ілбіс бар. Жалпы бұл жыртқыш аң төрт жарым мың метр биіктіктегі тауларда мекен етеді. Қазір сирек кездесетін аңды қорғауда Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп жұмыс істейді. Қызыл кітапқа енген мысық тұқымдас аңның саны 1982 жылы 150-ге жеткен. Содан бері жыртқыштар айтарлықтай көбеймеген.

АЙНҰР СЕЙІЛХАН, ЭКОЛОГ:

Қар барысы таудан төмен түскен жоқ. Өкінішке орай, оның санының азаюы, көзге көрінбей кетуінің себебі, қазіргі халықтың, қала тұрғындарының таулы жерлерде көптеп демалуы, сонымен қатар таулы аймақтарда құрылыстардың салынуынан болып табылады. Сирек кездесуі таралу аймағы және саны жағынан азайып кету қауіпі жағынан үшінші санатқа кірген қар барасы сол кезде 130-дан 150-ге тарта санымен анықталған болатын. Қазіргі таңда да осы саннан аса қатты көбейген жоқ.

Қар барысының көбеймеуіне таулы жердегі жайылымдарда малдың қорек көзіне бәсеке болуы себеп болып отыр. Сондай-ақ мекен етуіне қолайлы аймақтарда халықтың көп шоғырлануы да ілбістердің тау шыңына қарай ығысуына әсер етуде.

Жалпы қар барысының таралу аймағы Іле-Алатау, Жоңғар-Алатау, «Көлсай көлдері», Қатонқарағай, Сайрам-Өгем, Шарын, Алтын-Емел, Алматы және Ақсу-Жабағылы қорығы ұлттық саябақтары. Бұл аймақтардың дені шекаралас болғандықтан, барыс таулы аймақтар арқылы Қытайға, Қырғызстанға және Ресейге қоныс аударуы мүмкін.

Қорықтар мен ұлттық саябақтарда 300-ге жуық фототұзақ орнатылған. Сондай-ақ 11 жыртқышқа GPS-і бар спутниктік қарғыбау тағылған. Бұл жыртқыштардың популяциясын үздіксіз қадағалауға мүмкіндік береді, дейді мамандар.