$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Этнос өкілдері қазақ тілінен сайысты

23.10.2024ж. 20:00
402
Этнос өкілдері қазақ тілінен сайысты

«Мемлекеттік тіл - Тәуелсіздік символы». Осындай атаумен Жетісу облысында республикалық байқау өтті. Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығына арналған шараны Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. Сайысқа 16 өңірден іріктелген қазақ тілін жетік меңгерген этнос өкілдері қатысты. 

Байқау 4 кезеңнен тұрды. Бақ сынауға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда іріктеуден өткен білім беру саласында қызмет атқаратын этнос өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай сайыстар арқалы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтпек. Қазақ тілін тез үйренуге де ынталары артпақ.

АЙГҮЛ ОРМАНОВА, «АБАЙ ИНСТИТУТЫ» БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Былтыр 12 адам қатысса биыл 16 адамға дейін артып отыр. Келесі жылы бұдан да өзге өңірлерді қамтимыз деген ниетіміз бар. Қызығушылық өте жоғары өзге ұлт арасында. Сондай ақ бұл қалай ұйымдастырылады. Бірінші өңірлерде ұйымдастырылады. Одан кейін Республикалық деңгейде сол жүлде алған қатысушылар шығып жатыр. Сондай ақ тағы да айтып өтетініміз. Жүлде қорымыз бас жүлдеге 300 мың, 200 мың теңге осындай жүлде қорлары ұйымдастырылады.

Қазақ тілінің абыройын арттыратын сайысқа тек қазақ тілін жетік меңгергендер қатысқандықтан, бақталастық жоғары болды. Қатысушылар қатарында өзі түрік болса да, жүрегі қазақ деп соғатын Алматы облысынан келген Камран Бурсалов жақсы дайындықпен келген. Оның айтуынша Қазақстанда тұратын әрбір адам қазақ тілін білуге тиіс.

КАМРАН БУРСАЛОВ, ҚАТЫСУШЫ:

Қазақ тілін құрметтеймін, себебі түркілердің ішіндегі ең таза, ең бұзылмаған біріншіден қазақ тілі. Екіншіден қазақтың шаңырағының астында тұрғандықтан біздер барлығымыз қазақ тілінде сөйлеуіміз керекпіз. Үшіншіден барша түркі әлемінде құрметке ие болған тұлғалар бар десек те болады. Сол себепті барша түркі халқы түркі тілін құрметтейді. Құрметтеу керекпіз деген ойдамын. Енді аталарымыз әкеміз анамыз қазақ тілінде сөйлегеннен кейін әрине біз сөйлемесек ұят қой. Үйде барлығы қазақ тілінде сөйлейді. Достарым құрдастарым барлығы қазақтар. Қазақтардың ішінде тұрамыз. Барлығымен жақсы араласамын. Енді қазақ халқына жететін халық жоқ деген ойдамын.

Байқауға белгілі филолог ғалымдар, қоғам қайреткерлері қазылық етті. Сахна мәдениеті, өнері мен киім үлгісіне қарай 1-ден 5-ке дейінгі ұпайлармен бағаланды. Жеңімпаздарға алғыс хат, сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.