$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Қастерленбегендер. Нұрсұлу Тапалова мен Шоқыр Бөлтекұлы.

AstanaTV
29.04.2017ж. 20:00
9301
Қастерленбегендер. Нұрсұлу Тапалова мен Шоқыр Бөлтекұлы.

Қазір пенделер кімдерге сүйсініп қарап жүр? Кімдерді пір тұтады? «Ерекшемін» деп ойлайтын, ойлап ғана қоймай, соған күмәнданбайтын, бірақ шын мәнінде «кішкентай адам» құрлы пайымы жоқ, біреулер. Талғамға талас жоқ. Бірақ биік талғам бар. Қазақтың тұңғыш профессионал бишісі Шара Жиенқұлова болса, тұңғыш профессинал балеринасы Нұрсұлу Тапалова. Біз Нұрсұлу ханым мен оның ері, қазақтың тұңғыш профессионал боксшысы Шоқыр Бөлтекұлы туралы материал дайындадық. «Өмірім - менің өнерім» деп өткен олар, неткен асыл жандар!  

Қазақ хореграфия өнерінде осы күнге дейін 200-ден астам талант халықаралық дәрежеде танылып, түрлі байқаулардан жүлделермен оралған. Қазақстан хореография мектебі Мәскеу мен Санкт-Петербург мектептері сияқты көшбасшылар санатында. Ұлттық балет өнерінің бұл жетістігін Нұрсұлу Тапалованың тұлғасынсыз елестету мүмкін емес. Көзі қарақты жұрт қазақ би өнерінің қарлығашы дегенде, Шара Жиенқұлованы елестетеді. Ал балет өнерінде жасындай жарқ еткен Нұрсұлу Тапалова кім еді?!

Айдар Жоранов, зерттеуші, журналист:

Шара мен Нұрсұлу Тапалованы салыстыруға келмейді. Ол халық бишісі, ал Тапалова пуантаға тұрып, «Бақшасарай бұрқағында»  Галина Улановамен  жұп құрып билеген кәсіби балерина.

Жас зерттеушінің айтуынша, Нұрсұлу Тапалова туралы деректер тек 2000-шы жылдары жарық көрген бірді-екілі мақала арқылы ғана белгілі. Ал биші туралы телевизиялық бағдарламалар жоқтың қасы. Прима-балеринаның ері, атақты боксшы Шоқыр Бөлтекұлы есімі де сүреңсіздеу еске алынады. Танымдық материалдар, арнайы зерттеулер болған емес.

Айдар Жоранов, зерттеуші, журналист:  

Бұл кісі туралы құжаттар бар. Көп емес, бірақ бар. Мен аудио-видеоларына тапсырыс беріп таптым, еш жерде жарияланбаған 60-қа жуық фотосуреттерін жинадым. «Жас алашта» алғаш мақала жаздым, ағылшын тілінде аудардым, Америкадан оған отзывтар келді "Экзотика" деген.

Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның Халық әртісі:

Нұрсұлу апа сахнада ерекше бір қолтаңбасы бар, көркі де қоңырқай жүзді, көзі отты,  Шара ападан соң халық билерін керемет орындаған Нұрсұлу апа болды.

Оқушы Нұрсұлу шалғайдағы ауылға гастролдік сапармен барған әйгілі Ахмет Жұбановтың назарына ілігеді. Көп ұзамай Алматыға келеді. Ажарынан ай, келбетінен күн көрінген қазақ қызы табиғи болмысы, құба талдай жарасты бітімімен айналасын баурап алады. Қазіргі опера және балет театрының қасындағы студиядан екі жыл ғана білім алып, кәсіби шеберлігі толыспаса да, сырға тұнған сиқырлы өнерімен ортасын баурай түседі.

Дүйсенбек Нақыпов, Қазақстан хорегорафия одағының төрағасы:

Көріп тұрсыз, 1936 жылғы алғашқы набор мынау. Осының арасында біздің Тапалова да бар.

Шын мықтыға тұсау жоғын түсінген ұстаздары Нұрсұлу Тапаловаға театрдағы ең жетекші рөлдерді ұсына бастайды. Ол Галина Улановамен «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың рөлін сомдады. Мамандар Нұрсұлудың  Зареманы классикалық дайындықсыз-ақ сәтті  билеп шыққанын ерекше бағалайды. Күрделі тәсілдерді, бидегі нәзік сезімдерді  көрерменге айрықша жеткізе білген соң, айналасы бишіні ұлтының бағына жаралған құбылыс ретінде мойындауға мәжбүр болады.

Дүйсенбек Нақыпов, Қазақстан хорегорафия одағының төрағасы:

Бізде «Жизель», «Лебединое озеро», «Бақшасарайды» Галина Уланова алғаш келіп қойды. Сол бір келгенде керемет балерина болған деп іздеп еді. Сол кейін есіне түсірді. Осы Тапалова екен ғой.

Қазақтан шыққан тұңғыш балеринаның шығармашылығының дәуірлеу кезеңі соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келген. Шалғай елдерді аралап өнер көрсету, халықтың еңсесін көтеру жоспарлы түрде әртістердің мойнына артылған жүк болатын, дейді танымал әнші, Қазақстан халық әртісі Сара Тыныштығұлова. Өнер шебері Нұрсұлу Тапалованен бірге «Қазақконцерт» ұжымында  еңбек еткен.

Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның Халық әртісі:

Әрине қазір заман басқаша, десе де сол қазақ халқының жүрегінде Нұрсұлу апа мәңгілік қалды деп ойлаймын. Өйткені ол кісі қайталанбас биші болатын. Әрбір биінің өзі спектакль сияқы еді.

Глазбай Алшынбаев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері:

Менің алғашқы кездесуім Қазақконцертте болды. Құжаттарымды тапсырайын деп барғанмын. Сонда бір топ әртістер есіктің алдында тұр екен. Мағауия Хамзин, Азидолла Есқалиев, Шара апай сияқты корифейлердің арасынан менің көзіме Нұрсұлу Тапалова оттай басылды. Алыстан магниті бар, топтың арасынан бірінші көзге түсетін кермет тартымды еді.

Жаңа да айттық, Нұрсұлу Тапалованың ері - қазақтың тұңғыш кәсіпқой боксшысы Шоқыр Бөлтекұлы. Профессионалдық рингте 300-ге жуық кездесу өткізген спорт майталманы ұлтжандылығымен де ерекшелеленген. Бауыржан Момышұлы сияқты елуінші жылдары өз тегін «Бөлтекұлы» деп жаздырған санаулы қазақтың бірі. Бірақ нағыз кемелденген шақтарында олардың тұрмысы сүреңсіздеу болғаны туралы естеліктер айтылады. Олар ешқашан «бер» демеген адамдар екен. Олар өмірді материалдық заттармен өлшемеген ғажап жандар болған.  

Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның Халық әртісі:

Ылғи Шоқ...Шоқ деп отыратын, сол Шоқпенен соңғы жылдары қиын жағдайда өмір сүрді деп естідім мен. Көрдіңіз бе жоспармен өмір сүрдік те онша араласпадық. Қиындықтар болды. Тіпті кейін барғанымда атақты әртіс,белгілі адам бір бөлмелі пәтерде тұрады екен.

Айдар Жоранов, зерттеуші, журналист:

Бұл кісі 70-ші жылдардан соң ұмытылып кеткені  рас. Халық әртісіне ұсыныланғанда біреулер тізімнен сызып тастаған. Шоқыр Бөлтекұлы өлген соң, бұл кісі де айықпас дертке салып 5 жыл өткен соң өзі де 1998 жылы қайтыс болады.

Жаратушы өзі сүйген құлын түрлі қиындықтармен сынайтыны белгілі. Нұрсұлудың бағы тайып, сұлулығы мен дарыны өзінің басына таяқ боп тиді деп, санайтындар да бар. Бірақ мұндай алып-қашпа пікірлерді терістеу үшін терең зерттеулер керек, дейді мамандар. Өмірден өткен соң қабірлерінің қараусыз қалғаны туралы журналистер мәселе көтерген. -Айсұлу,Тоты есімді қыздары да тоқсанынышы жылдары елді экономикалық дағдарыс жайлағанда, ата-ананың басын қарайтуға шамалары келмепті,- дейді Шоқыр Бөлтекұлы туралы кітаптың авторы.

Мейрамбек Төлепберген, журналист:

Менімен сырлас болды біршама. Барғанда, маған сеніп, сырын айтатын. Сосын ол кісі туралы шағын кітап жаздым. Қайтыс болған соң басының қараусыз қалғанын көтердім, баспасөзде. Сосын бір жігіттер келіп басына тас қойып, қарайтып дегенді естідім. Сол кісілерге мың да бір рахмет!

Бізге Нұрсұлу мен Шоқыр ұрпақтарымен жүздесудің сәті түспеді. Алматы облысында саяжайлардың бірін жалдап тұратын Тоты мен Айсұлу Шоқырқыздары жолдың шалғайлығы мен науқасына байланысты кездесе алмайтындарын айтты.

Айдар Жоранов, зерттеуші, журналист:

Ол кісілердің реніші бар. Әкесі де, шешесі де бір төбе. Көбіне сұқбат бермейді. Сол қоңырқайлау күй кешіп жатыр қазір екеуі.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Спортшылар Шоқыр Бөлтекұлының атында бокстан түрлі турнирлер ұйымдастырып тұрады. Ал Ақтөбеде жыл сайын Нұрсұлу Тапалова атындағы аймақтық бишілер байқауы өтеді. Нұрсұлу Тапалова 79 жасында  өмірден озған. Оның алдында Шоқыр Бөлтекұлы бақилық болады. Олар екі қызымен өмір бойы Алматыдағы мына «Әртістер үйі» деп аталатын үш қабатты шағын үйдің бір бөлмелі пәтерінде өмір сүрген. Қос жұлдызға естелік үшін дәл осы жерге мемориалдық тақтаның сұранып тұрғанын  байқадық. 

Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».