$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тұмаудың асқынуы 25 жылдан кейін басқа аурудың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін

AstanaTV
27.10.2024ж. 18:22
295
Тұмаудың асқынуы 25 жылдан кейін басқа аурудың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін



Шымкентте тұмау мен жіті респираторлық инфекцияның эпидемиологиялық маусымы басталғалы бері аурудың алдын алу бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, 15 қыркүйектен бастап тұмаудың алдын алу мақсатында вакцина салына бастады. Қазіргі таңда 119 мыңға жуық адамға аталған екпе салынған. Бұл туралы Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова айтты. Өз сөзінде спикер тұмаудың асқынуы 5 жылдан бастап 25 жылға дейінгі аралықта өзге аурудың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін екенін алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміз бойынша 1 қазаннан бастап жіті респираторлық вирусты инфекция мен тұмау ауруларының эпидемиологиялық маусымы басталған. Аталған аурулар тыныс жолын зақымдайтын сырқаттар екені белгілі. Бұл вирусты инфекциялар адамдарға негізі ауа тамшылар арқылы тез жұғады және ол өзінің жұғуына байланысты инкубациялық кезеңде тыныс жолдарын зақымдайды. Бұл кезде сырқаттанған адамда көзінің жасаурауы , мұрыннан су ағуы, тамақтың жыбырлауы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшық еттердің ауырсынуы сияқты клиникалар белгілері байқалады.

Бұл аурулардың бір ерекшелігі бір адамнан екінші адамға таралуы тез жүріп жатыр. Егер байқайтын болсақ, ортамызда суықтаған белгілерімен жүрген адамдар да бар. Бұл аурудың алдын алудың ең тиімді, ең дұрыс жолы – вакцина. Өздеріңізге белгілі, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен №102 қаулыға сәйкес, тұмауға қарсы екпе салынады. Бұл вакцина жыл сайын аурудың эпедимиологиялық маусымына байланысты жергілікті бюджет есебінен осал топтағы адамдар контингентіне тегін салынады. Бұл топқа кімдер жатады? Олар бірінші кезекте алғы шепте жүрген медициналық қызметкерлер және де диспансерлік есепте тұратын, жиі созылмалы аурулары бар балалар мен мүмкіндігі шектеулі кісілер. Сонымен қатар медициналық-әлеуметтік орталықтардың контингенттер мен тұрғындарына салынады. Бұдан өзге жүкті әйелдердің екінші, үшінші триместріндегі әйелдерге вакцина мемлекет есебінен тегін салынады, Сондай-ақ, екпе тұмаумен ауырған адаммен бір үйде, жалпы вирусты инфекция ошағында қарым-қатынаста болған адамдарға эпидемиологиялық көрсетіліміне байланысты егіледі. Негізі екпенің тұмаудан қорғап, иммунитет қалыптастыруға ықпалы зор. Еліміз бойынша 1 қазан мен 30 сәуір аралығы тұмау мен ЖРВИ-дің эпмидемиологиялық маусымы деп белгіленген. Осы маусым басталғанға дейін 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцина салынып жатыр,-деді басқарма басшысының орынбасары брифингте.

Ұлттық статистика бюросының 1 қыркүйектегі мәліметінше, Шымкенттегі халық саны 1243,9 млн адамды құрап отыр. Жоспар бойынша үшінші мегаполисте тұмаудың алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен тәуекел топтағы тұрғындар үшін 150 мың доза «Гриппол +» вакцинасы сатып алынған. Бұл қала халқының 12 пайызын қамтиды. Күні бүгінге дейін қалада 118 879 адам тұмауға қарсы екпе алған. Яғни, шаһарға жеткізілген екпенің 80 пайызға жуығы салынып үлгерген.

Бір айта кетерлігі, тұмауға қарсы вакцина міндетті түрде медициналық мекемелердің егу кабинеттерінде салынады. Ал екпені кез келген медицина қызметкерлері сала алмайды. Вакцинаны салуға арнайы оқудан өткен дәрігер мен медбикелерге ғана рұқсат берілген.

Екпені салмас бұрын өзінің ережелері де бар. Мәселен, екпе балаларға салынатын болса, ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсаты қажет. Ал егер вакцина ересек адамдарға егілетін болса, дәрігер тексеруінен өтіп, тиісті қорытынды берілген соң дені сау кезінде ғана салуға рұқсат. Бұл жағдайда да ол адамның жазбаша түріндегі келісімі қажет.