$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда толассыз жауынның салдары қиындықтар туындатты

AstanaTV
28.04.2017ж. 20:00
3273
Алматыда толассыз жауынның салдары қиындықтар туындатты

Алматы маңындағы елді мекендердің халқы нөсердің салдарынан абдырап қалды. Бір тәулік толлассыз жауған жауыннан Қарасай ауданында бірнеше саяжайды су басқан. Алматы облысының төтенше жағдай қызметі мұны Қырғауылды мен Ақсай өзендерінде су деңгейінің көтерілуімен түсіндіреді. Алматы көшелеріндегі арықтар да жауын суының нөпіріне төтеп бере алмай, көлік қозғалысына кері әсер етті. Синоптиктер алдағы тәуліктерде де ауа райының жаңбырлы болатынын болжайды. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қалада жауын кеше сағат 8-дер шамасында басталған болатын. Түнімен шелектеп жауған нөсер әлі себелеп тұр. Табиғаттың бұл құбылысы кеше түні қаладағы көлік қозғалысына кері әсерін тигізді. Мұны әлеуметтік желілерге жүктелген жүздеген бейнетүсірілмдерден байқау қиын емес. Әсіресе Төле би, Абай және Райымбек даңғылыдарының бойындағы арықтар судың нөпірін сыйдыра алмады.

Жауынның салдары өзенге жақын орналасқан бірнеше елді мекенді түнімен әбігерге түсірген.  Қырғауылды және Ақсай өзендері арнасынан асып кетті. Райымбек ауылдық округіне қарасты брнеше саяжайда 150-ден астам жеке үйдің ауласына су кірген.

Татьяна Михайлова, саяжай тұрғыны:

Түнгі сағат 10-дарда қатты шу естілді. Мен жауын шығар деп ойладым. Аулаға шығып қарасам, лайсаң су лек-легімен есіктің алдын басып жатыр екен. Сосын қалада тұратын қызыма хабарласып, алып кетуін сұрадым. Бұрын қанша жауын жауса да, мұндай болмайтын еді.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар басқармасы аймаққа келетін судың жолын бөгеу үшін техника мен құтқарушыларды жұмылдырған. Ал аулалардағы лай мен суды тазартуға күні бойы жауған нөсер кедергі келтіріп жатыр. Мамандар жағдайдың бақылауда екенін айтады.

Мұрат Сыдықов, Алматы облысы ТЖД бөлім басшысы:

Судың аулаларға қарай жылжуына өзен арнасының уақытылы тазаланбауы мен  құрылыс нысандарының көбеюі себепші. Ақпанда осы аумақтың қауіпті екені туралы хаттама толтырғанбыз. Өзендердің арнасын кеңейту үшін техника кіргізе алмай отырмыз. Тұрғын үйлер тығыз салынған.

Алматы қаласының атқамінерлері де су басу қаупі бар аймақтарды аралады. Былтыр Алатау ауданындағы Шаңырақ, Алғабас елді мекендерінде өзен арналары шұғыл жасалған болатын. Жауын бұл аумақтарға кері әсерін тигізбеген. Алдағы екі жылда 42 шақырымдай арық желісі жөнделеді, дейді шенеуніктер.

Сұлтанбек Мәкежанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

Әрине, осындай аз уақыт ішінде, көп нөсер жауғанда, жұмыс жасауға тура келеді. Әсіресе арықтардың арнасын кеңейтуга бар күш-жігер жұмсалып жатыр. Осыларды өз көзімізбен көру үшін, бүгін сіздермен бірге арнайы келіп отырмыз.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Синоптиктердің алдағы демалыс күндеріне берген болжамдары бойынша Қазақстанның көптеген облыстарында ауа райы бұлтты жиі жауын-шашын түседі. Оңтүстіктің таулы аймақтанда қар жауады. Өткен тәулікте Алматыда бір айда түсетін жауынның үштен бірі жауған. Қалада күшті нөсер алдағы тәулікте де сақталмақ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ