Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Тегін дәрілерге қатысты мәселе шешілер емес

AstanaTV
28.04.2017ж. 20:00
2836
Тегін дәрілерге қатысты мәселе шешілер емес

Тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тапшылығы жойылар емес. Есепте тұрған науқастар арнайы дәріханалардан қажеттісін бірнеше айдан бері таба амай жүргенін айтып шағымданды. Әсіресе қант диабеті мен жүрек қан - тамырлары ауруына қолданатын  препараттар жоқтың қасы. Ал фармацевтер мұны дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілмеуімен байланыстырады. 

Алматылық Эльмира Ринатова ата-анасына тегін берілуі тиіс дәрілерді таппай жүр. Айтуынша, есепте тұрғандарға арналған әлеуметтік дәрілер екі аптадан бері дәріханаларда жоқ.

Эльмира Ринатова, қала тұрғыны:

14 сәуір алуымыз керек болған. Бірақ әлі жоқ. Сондықтан сатып алуға тура келді. Сырқат адамдарға не істеу керек сонда?

Қостанайда да осындай жағдай. Фаграт Гусейнов 10 жылдан бері полиартриттің азабын тартып келеді. Буындары сырқырағанда шипа болатын дәрі тегін беріледі. Бірақ ақысыз дәрі тарататын дәріханалардың көбінде ол жоқ. Ауырғалы бері бір рет ғана тегін дәрі алған қария дәріхана іздеп сенделуден шаршаған. 30-40 мың теңгеге өзі ем-дом алып жүргенін айтты.

Фаграт Гусейнов, Қостанай қаласының тұрғыны:

Дәрі-дәрмектен басқа аптасына бір рет екпе салдыруым керек. Ол да жоқ.  Қалтамнан қаражат шығарып, тегін беруге тиіс дәріханалардан ақшаға сатып алдым.

Алматыдағы дәрі тапшылығынан денсаулық сақтау басқармасы хабарсыз болып шықты. Айтуларынша, тіркеуде тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 4 миилиардқа жуық теңге бөлінген. Демек, бұндай бассыздық дәріханаларда орын алған болуы мүмкін дегенге келтірді. 

Жанар Боранбаева, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі:

Біз тегін дәрімен қамтамасыз ететін дәріханаларды анықтау бойынша тендер өткізіп, жергілікті қазынадан бөлінген қаражатпен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бізге тұрғындардан шағым түскенде, әрқайсысын жеке қарап, емханалар мен дәріханаларға қоңырау шалып шешуге тырысамыз.

Алайда дәріханалардағылардың өз жауабы бар. 

Елена Панарина, дәріхана қызметкері :

Иә, дәрі тапшылығы бар. Мысалы, дәл қазір «Гиалурон», «Коплавикс» препараттары жоқ. Сондықтан халық шағымданады. Бірақ бұл біздің кінәміз емес. Барлық проблема зауыттағыларда болып отыр. Дәрілер уақытылы жеткізілмейді. 

Вячеслав Локшин, Халықаралық фармоөндірушілері қауымдастығы президенті:

Наурыз-сәуір айларында қиындық туындауының өз себебі бар. Өйткені бұл кезде тендер жүргізіледі. Компаниялар оны жеңеміз бе, жеңбейміз бе деп жүргенде, дәрі-дәрмектің жеткізілуі кешеуілдейді.

Айгүл Ермахан, тілші:

Айтылған түйткіл алдағы жылы шешімін тауып қалатын сыңайлы. Еліміздің бас дәрігері  жуырда амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етудің жаңа үлгісін әзірленгенін айтып қалды. Соған сай, енді  бірыңғай дистрибьютор еліміздің барлық түкпіріне дәрі-дәрмектерді уақытылы жеткізу, тарату және есепке алуға жауап беретін болады.

Айгүл ЕРМАХАН