$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстан мен Моңғолия президенттері бірлескен декларацияға қол қойды

29.10.2024ж. 20:00
145
Қазақстан мен Моңғолия президенттері бірлескен декларацияға қол қойды

Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-саттық көлемі 150 млн долларға жеткен. Қос тарап бұл көрсеткішті 500 млн долларға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрлерін көбейтпек. Мемлекет басшысы Моңғолияға сапары аясында бірлескен декларацияға қол қойды. Енді мыңдаған жылға созылған тарихи байланыс одан әрі жандана түспек. 

Бұл- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғалы Моңғолияға алғаш ат басын бұруы. Мемлекет басшысын Үкімет үйі алдындағы Сухэ-Батыр алаңында құрмет қарауылы мен сауыт киген жауынгерлер сап түзеп күтіп алды. Рапорт берілгеннен кейін екі елдің әнұраны шырқалды. Мұнан соң ресми делегация мүшелері таныстырылды. Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырғаннан кейін, Мемлекет басшысы Моңғолия Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл сапарға ерекше мән беретінін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрметті Президент, бүгін Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет.

Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде 40-тан астам халықаралық келісімдер мен шарттарға қол қойылған. Ал бүгінгі сапар екіжақты ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтереді.

УХНААГИЙН ХУРЭЛСУХ, МОҢҒОЛИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз Сіздің бүгінгі сапарыңызды екіжақты ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспективті бағыттарын айқындайтын мезет ретінде қарастырады. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды

Мазмұнды әңгімелесу барысында Мемлекет басшылары біраз маңызды мәселелерді көтерді. Өзекті проблемаларды шешу жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Моңғолия Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа 60 мыңнан астам сөз енген қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты. Артынша қос ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қазір екі ел арасында тығыз парламентаралық және үкіметаралық байланыстар қалыптасқан. Мемлекет басшысы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік бар екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен индустриясы, өнеркәсіп, инвестиция, жаңа технологиялар, ғарышты игеру салаларында ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін

Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында моңғол спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Жалпы саны 14 медальді қанжығасына байлады. Бұл қос ел арасындағы спорт және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың мән-маңызы зор екенін айғақтайды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екі ел ғалымдарын ортақ бай тарихи мұрамызды бірлесе зерттеуге шақырды. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, көлік, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, энергетика, зейнетақы, цифрлық инновация, мәдентиет және туризм салалары бойынша 10-нан астам құжатқа қол қойылды. Қос тарап қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Моңғол тарабының Қазақстанмен жұмыс істеуінің артықшылығы көп. Біз оларға жерсерік экспорттаймыз. Бұл арқылы космостан түсірілген суреттерді жиі алуға мүмкіндіктері бар. Яғни, олар 3-4 күнде бір ғана түсірілімге қол жеткізсе, енді 14 сағат сайын алып отырады. Бұл Қазақстан тарихындағы қазақстандық инженерлер толық әзірлеген алғашқы экспорттық жерсерік болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентін келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ, қос ел басшысы БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы келіссөздер өте табысты болғанын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Президент Хурэлсух мырзамен бірге арнайы декларацияға қол қойдық. Бұл құжат екі елдің достығын нығайта түседі. Түрлі саладағы тиімді байланыстарды дамытуға тың серпін береді.

Алдағы уақытта Моңғолия мал ауруларына қарсы вакцина шығарады. Сонымен қатар, қазба байлықты бірлесіп игеруге, екі ел арасындағы көліік қатынасын жетілдіруге басымдық берілмек. Қазір екі ел үкіметтеріне бірлескен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берілген. Мемлекет басшысы аймақаралық алыс-берістің әлеуетін ұтымды пайдаланған жөн дейді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Астана мен Ұлан-Батыр арасында бауырластық байланыс орнаған. Осындай байланысты басқа да аймақтар арасында дамыту маңызды. Моңғолиядағы қазақ диаспорасы – берік достықтың алтын көпірі. Қандастарымызға қамқор болып жүрген Моңғолия басшылығы мен халқына алғыс айтамыз.

Қазір екі елдің білім ордаларында студенттер тәжірибе алмасады. Енді елге келіп білім алатын жастардың саны едәуір артады. Мұндай маңызды қадамдар екі елдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосары сөзсіз. Жиыннан соң Мемлекет басшысы Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен, Моңғолия Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэмен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңғыс хан ұлттық музейіне барды. Мәдени орталық 2019 жылы ашылған. Онда 10 мыңнан астам біреге жәдігер бар. Мемлекет басшысы музейді аралап көріп, Құрметті қонақтар кітабында ыстық лебізін қалдырды.