$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тобыл өңірінде тұңғыш рет этномәдени орталық өкілдерінің өнер фестивалі өтті

AstanaTV
28.04.2017ж. 20:00
3074
Тобыл өңірінде тұңғыш рет этномәдени орталық өкілдерінің өнер фестивалі өтті

«Менің елімнің әуендері». Қостанай облысында осындай атаумен өнер фестивалі өтті. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылған сайысқа өңірді мекендейтін ұлт пен ұлыс өкілдері қатысты. Сахнада тоғысқан таланттар бейбіт елдің татулығын ұлықтап, ұлттық аспаптарын шертіп, әуендерін шырқап тарқасты. Бірлік мерекесі өзге де өңірлерде атап өтілді.

Астықты аймақта жүзге жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бүгінгі шара ұлтаралық бірлікті, достықты нығайтуға бағытталған игі бастама, - дейді ұйымдастырушылар. 

«Тұран ансамблі» қазақтың домбырасын күмбірлетіп, қобызын күңірентті. Орыс  әуендерін де нақышына келтіріп орындап жиналған көпшіліктің көңілін серпілтті. Алтынсарин ауданынан келген өнер ұжымы халықтар достығын дәріптеуді мақсат тұтқан.

Біржан Жүзбай, фестивальге қатысушы:

Бұл жерде біздің домбыра мен қобыздың, домбыра мен гитараның үндестігі көрсетіледі. Тек ғана қазақтың ұлттық әндері, күйлері емес, орыстың, немістің, украин халқының әндерін осы домбырамен орындап, халыққа жеткізу.

Фестиваль аясында сан ұлыстың ұлттық әуендері шырқалып, аспаптары шертілді. Әзірбайжан қызы Севиль саз аспабымен сызылта ән салып, бірлік мерекесіне өз үлесін қосты.

Севиль Гасымова, фестивальге қатысушы:

Бұл әзірбайжанның ұлттық аспабы - саз. Шанағы ағаштан, ал астыңғы жағы жаңғақтан жасалады.

Қазақ - бауырмал, қонақжай халық екен. Бұл Франциядан келген Тристан Сенни-Паланидің сөзі. Ол Павлодардағы университетте жұмыс істейді. Төрт айда көптеген дос тапқан. «Әріптестерім үйлеріне жиі қонаққа шақырады. Ұлттық тағамдардың біразын білемін, - дейді. Жергілікті халықпен етене араласу үшін мәдени-спорттық шаралардан тыс қалмайды 

Тристан Сенни-Палани, С.Торайғыров атындағы ПМУ оқытушысы:

Мен 1 мамыр мерекесін асыға күтіп жүрмін. Бірлік күні - өте маңызды мерекенің бірі деп ойлаймын. Бізде Францияда мұндай мереке жоқ. Қазақстанда көп ұлттың өкілдері тұрады. Олардың татулықта өмір сүруіне жағдай бар.

Ал қызылжар зияткерлік мектебінің мұғалімі Майкл Читтенден қазақ тілін жетік білгісі келеді. Жаңа Зеландия азаматы елімізде 4 жылдан бері еңбек етіп жүр. Солтүстікте 50-ден астам ұлт өкілдері бар. Олар ынтамақ-бірлікте тұрады, дейді. Ол әсіресе жұрттың бөлінбей, бүкіл мерекелерді бірге тойлайтынына таң қалып отыр. 

Майкл Читтенден, мектеп мұғалімі:

Түркітектес елдердің төл мерекесі Наурызды Қазақстан халқы түгел тойлайды. Дәл солай Масленица мен Рождествоны да атап өтеді. Бұл орайда Қазақстан мен Жаңа Зеландияның ұқсастықтары бар.

Қазақстанда әрбір ұлыс пен ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін дәріптеуге, өз дінін,туған тілін келер ұрпаққа үйретуге жағдай жасалған. Сондықтан баршамыз туған жердің төсінде,  бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысамыз дейді, -этномәдени орталық өкілдері.

Заңғар САНАЙ, Әсем  МҰХИТҚЫЗЫ