$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Таразда «Ұлы Дала» ауданының тұрғындары тоңып отыр

30.10.2024ж. 20:00
280
Таразда «Ұлы Дала» ауданының тұрғындары тоңып отыр

Таразда «Ұлы Дала» ауданының тұрғындары тоңып отыр. Мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болдық деп қуанған жұрт қыс түспей жатып, жылуға жарымай жүр. 180 пәтерде жылу атымен жоқ. 

Қалада жылу маусымы басталғалы жиырма тәулікке жуықтаса да 4 үйдің тұрғындары жылу көрмедік дейді. Қыс келмей қалың киініп, қабат қабат көрпе жамыламыз деп жыларман. Жылыту құралдарын қосса, жарық жиі өшеді екен. Ал кепілдік мерзімі бітпеген мердігер жертөлеге қосымша қондырғы орнатыпты. Бірақ бұл да жаураған жұртқа жылу сыйламаған.

АЙНҰР СӘБДЕНБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Балаларымызды да жуындыра алмай жатырмыз. Ыстық суымыз ыстық емес, мұздай боп ағып жатыр. Үйге қарағанда дала жылы. Отоплениеге келеді, иә?! Ақша! Не за что төлеп жатырмыз, далаға төлеп жатырмыз ғой оның бәрін.

НҰРЖАМАЛ САРТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр қыстай үсіп отырдық. Үйдің ішінде пальто, куртка жүн носки, тәпішке киіп жүрдік. Ақша төлегенде айма-ай осы төле, төле! – деп жанымызды шығарады ғой, шіркін! Солай өмір сүріп жатырмыз. Кімге керекпіз, біз. Ешкімге керек емеспіз!

Бұқара бұл баспананы 10 жылдан астам уақыт күтіп, әрең қол жеткізгендерін айтады. Ал жергілікті билік тұрғындардың өзі кінәлі – дейді. Себебі, әу баста меншік иелері бірлестігін құрмапты. Салдарынан үйдің жылу желісі күтіп-баптаусыз қалған деп отыр.

НҰРСҰЛТАН ИСАБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Фильтрлер 3 жылдан бері толған. Сол толғанның арқасында жылу көтерілмей отыр 5-ші қабатқа. Бұл міндеттердің барлығы – тұрғындардың өздерінің міндеттері. ОСИ-ді құрмай, бір-біріне бағынбаудан және де осындай мәселе болған кезде бірден әкімшілікке шағымдану орын алған. Осыған әбден былайша айтқанда үйреніп алған халық.

Жұртпен жүздесуге келген қала әкімінің орынбасары кейбір пәтер иесі үйін жылыту үшін сорғы орнатып қойғанын айтады. Сөзінше ол тұтас үйдің жылу желісіне кедергі келтіріп тұр екен. Заңсыз қойылған 3 құрал алынып тасталды. Енді, әкімдік мердігерге бұл үйлердің жылу желісін ауыстыртып, қар түскенше қадағалауына алмақ.