Пәндік олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларды Олимпиада ойындарының жеңімпаздарын ұлықтағандай ұлықтау қажет. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Мұғалім Talks» жиынына келгендер осылай деді. Кейс-платформасына 300-ден астам мұғалім, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылары қатысты. Олар орта және кәсіптік білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылап, оны шешу жолдарын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов білім беру саласы әркез Мемлекет басшысының назарында екенін атап өтті. Педагогика саласын дамыту бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқанына тоқталды.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ;
Президентіміз терең білімді, интелектуалды адам ретінде ұстаздар қауымына айрықша көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп келе жатыр. Сонын бір дәлелі – кеше ғана Мемлекет басшысы екі бірдей педагогты Қазақстанның еңбек ері атағымен марапаттады. Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент болған кезіндегі алғашқы қол қойған заңы - педагогтің мәртебесі туралы заң. Айта кетейін, көптеген елдерде мүлдем мұндай заң жоқ. Осының бәрі ұстаздардың мәртебесін көтерудің нақты айқын көрінісі.
Соңғы жылдары Қазақстан Халықаралық математикалық олимпиадада 104 елдің ішінде 25-орыннан түскен емес. Ал FIDE Халықаралық шахмат байқауында еліміздің әйелдер құрамасы шахмат тарихында алғаш рет күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл – білімнің жетістігі дейді жиналғандар. Сондай-ақ, қатысушылар үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектеп мәселесін қозғап, қағазбастылық туралы айтты. Кездесу соңында бірқатар педагогқа кәсіби қызметіндегі еңбегі және қоғамдық жұмысқа қосқан елеулі үлесі үшін ведомстволық наградалар мен «AMANAT» партиясының «Ұстаз – ұлт айнасы» арнайы төсбелгісі табысталды.
ЗАМАНБЕК АМАНБЕКОВ, МҰҒАЛІМ:
Математика ол – өнер. Ал, біз дирижер ретінде осы бір сиқырлы әлемге балаларды баули алуымыз керек. Мен екі жыл қатарынан сабақ берген оқушыларым биыл мектеп бітіріп, 19 түлектің 12-і математика пәнін таңдады. Олардың барлығы Мемлекеттік грант иегері атанды.