Мемлекет басшысы Solidcore Resources plc компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несисті қабылдады. Компания бағалы және түсті металдарды барлау, игеру және қайта өңдеумен айналысады. Виталий Несис Павлодардағы «Ертіс ГМК» жаңа гидрометаллургия кешенінің құрылысы басталғанын айтты. Зауыт жылына 300 мың тонна концентрат шығара алады. Онда құрамында алтынның үлесі 98 пайызға жуықтайтын доре құймасы өндіріледі. Мемлекет басшысы сондай-ақ Polpharma компаниясы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Ежи Старакты қабылдады. Президент су тасқыны кезінде елімізге қажетті дәрі-дәрмектерді жедел жеткізіп бергені үшін польшалық инвесторға алғыс айтты. Сондай-ақ екі кітапты сыйға тартты. Біріншісі, компанияның демеушілігімен Қазақстанның киелі жерлері таспаланып жатқан деректі фильмге арқау болған жинақ. Екіншісі, белгілі жазушы, Польшаны басқыншылардан азат етуге қатысқан майдангер Кемел Тоқаев туралы кітап. Айта кетейік, басылым Польша-Қазақстан тарихы комиссиясының қолдауымен әзірленген.