$494.87 €520.65 ₽4.91
×

СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданында су тасқыны 52 миллион теңгеге шығын келтірген

AstanaTV
02.05.2017ж. 20:00
3731
СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданында су тасқыны 52 миллион теңгеге шығын келтірген

Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданы тасқын судан 52 миллион теңге шығын көрген. 2 апта бойы жағдайды бағалаған арнайы комиссия бүгін жұмыстарын қорытындылады.

Сәуірдің 15 күні Шарық өзені арнасынан асып, аталған ауданның 3 бірдей ауылын су басты. Өзенге жақын орналасқан 150-ге жуық баспана суға кетті. Ал 12 үйді ағын шайып кеткен. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтың айтуынша, баспаналарынан айырылған тұрғындарға жаңа үйлер салынады. Ал қалғандарына материалдық және ақшалай көмек көрсетіледі. Әр отбасыға залал мөлшеріне байланысты 50 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін бұйырмақ. Облыс атқамінерлерінің айтуынша, жалпы аймақта барлығы 221 үй судың ортасында қалып отыр. Бірақ әлі күнге дейін тасқын қаупі сейілген жоқ.

Антон Федяев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Қазір тасқынның екінші толқыны Новоникольск ауылының қасынан өтіп жатыр. Ақырындап Петропавлға да жақындап келеді. Кеше судың деңгейі 4 сантиметрге көтерілді. Метеорологтардың болжамына сенсек, 3 күннен кейін өзен деңгейі шарықтау шегіне жетіп, сейіле бастайды.

Абзал ҚҰРМАНКИН