$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Үгіт-насихат жалғасуда

AstanaTV
15.03.2016ж. 20:00
2943
Үгіт-насихат жалғасуда

Сайлау күні Астандағы барлық бағыттағы қоғамдық көліктерде жүру тегін болмақ. Бұл ақпарат әкімдік сайтында жарияланды. Ал саяси науқанға дайындық қызу. Саяси ұйымдардың белсенділігі де артты. Өйткені партиялардың сайлауалды тұғырнамаларын таныстырып, халық арасында үгіт-насихат жүргізу жұмыстары жұма күні аяқталады. Ал 6 саяси партияның бүгінгі үгіт жұмыстарын тілші баяндайды.

Батыс Қазақстан облысындағы Мичурин жəне Макаров ауылы тұрғындарының түйткілді мəселелерінің шешімін табуға «Нұр Отан» партиясы көмектесетін болды. Естеріңізге салайық, өңірдегі Шаған өзені арқылы жаяу адам жүретін көпірдің жоқтығынан, екі ауылдың халқы бірнеше жылдан бері бастарын қатерге тігіп келген еді. Партияның қоғамдық қабылдауында болған ауылдағы ағайын жазда ескі пароммен, қыста мұз үстімен жүргенін айтып шағымданған. Бүгін халыққа сүйінші хабар жетті. Жақын арада көпір құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.  

Шавхат Өтемісов, «Нұр Отан»  партиясы Республикалық сайлауалды штабының мүшесі:

Бұл мəселені біз өз бақылауымызға аламыз. Құрылысты басынан соңына дейін қадағалайтын боламыз. «Нұр Отан» атына жылына дəл осындай мыңдаған шағымдар келіп түседі. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды.

Ал ақжолдықтар  қостанайлық дихандармен кездесті. Саяси додада өз ұстанымын айқындайтын бағдарламада «Ақ жол» партиясы ауыл шаруашылығына да аз көңіл бөлмеген. Салаға салынатын салықты барынша төмендету, тіпті алып тастау қажет деп санайды. Әлемді шарпыған дағдарыс кезінде бұл айтарлықтай көмек болар еді, - дейді  саяси ұйым белсенділері. Партияның басым бағыттарының бірі - ауылда кәсіпкерлікті дамыту. Кездесуге жиналған жергілікті дихандарға ақжолдықтар сайлауалды бағдарламаларын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражаттың тиімділігін арттыру үшін, «ҚазАгро» холдингі қызметіне парламенттік мониторинг енгізуді, агроөнеркәсіп кешенінде жаңа жобалардың қалай жүзеге асып жатқандығын бақылауды мақсат етіп отыр. 

Махаббат Жутаев, «Ақ жол» ҚДП Қостанай облыстық филиалының төрағасы:

Шағын және орта бизнес күш алса, индустриализациялау сияқты түрлі  бағдарламалар да жоғары қарқынмен жүзеге асары анық. Бұл жолмен дамыған елдердің барлығы жүріп өтті. Оған мысал ретінде, соғыстан кейінгі Германияның тәжірибесі дәлел. Сонда ғана біз мұнай, басқа шикізаттарға тәуелділіктен арыламыз. Бұл «Ақ жол» партиясының ұстанымы.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Республикалық қоғамдық штабы өкілдерінің қатысуымен Алматыда «Рухани өрлеу» клубының отырысы өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, саясаттанушылар және сараптамалық қауымдастық мүшелері қатысты. «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, «мемлекет экономиканы модернизациялау, елдің әлеуметтік саласын өзгерту бағытында халықтың тарихи тамыры мен мәдениетін қолдана білуі тиіс». Халықтың мықты рухани қазығы қоғам мен мемлекеттің өркендеп дамуында рөлі ерекше. Клуб отырысына қатысушылар геополитикалық аумалы-төкпелі кезеңде дәстүрлі құндылықтарды сақтап, жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Институционалдық реформалар - біздің дәстүрімізді сақтаудың  замануи шарасы, деп атап өтті олар. 


Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы:

Ауыл партиясының өзінің жұмысында, бағдарында, бағдарламасында екі қанаты бар деп айтуға болады. Ол ең бірінші - ауыл шаруашылығы. Ең негізгісі - біз өзіміздің салтымыз бен дәстүрімізге табан тірей отырып, арқа сүйей отырып, дамуды айтқан болар едік.

Ал Қазақстан Коммунистік халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат штабы жиындар мен дөңгелек үстелдерден тартынып, Қарағандыда ретро көліктердің жарысын ұйымдастырып, әуе шарын ұшырды. Мұндай қызықты күнде көре бермейтін қала халқы шараға көптеп жиналды. Партияның сайлауалды ұраны жазылған дирижабль көкке көтерілгенде, қала халқы қол соғумен болды. Мұнан соң сайлауалды шара Қарағандының орталық көшелерінде жалғасты. Кеңес дәуіріндегі автокөліктердің шеруін өткізген партия белсенділері осылайша қала тұрғындарын алдағы сайлауда халық коммунистеріне дауыс беруге шақырды. Халықтық коммунистердің жалауын желбіреткен автошеру орталық көшелерді түгелдей жүріп өті. Ал партия белсенділері «Қазақстан коммунистік халықтық партиясы үшін дауыс бер!» деп жазылған сайлауалды үгіт-насихат парақшаларын жұртшылыққа таратты. 

Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер: 

Біз үгіт-насихат науқанының аяқталуына да таяп қалдық. Осы акцияны өткізу арқылы біз өз жақтастарымызды, сайлаушыларды 20 наурыз күні сайлау учаскелеріне келіп, халықтық коммунистерге дауыс берсін деп шақырамыз.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері сайлауалды жұмыстарын өңірлерде жалғастырып жатыр. Партия белсенділері бүгін Ақтауда сайлаушылармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Облыстық штаб мүшелерінің айтуынша, партияның тұғырнамасы, негізінен егде жастағы тұрғындарды қызықтыруда. Осыған сай, кездесуге келгендердің дені зейнеткерлер. ЖСДП мүшелері дауыс берушілерге партияның мақсат-мүддесін таныстырумен ғана шектелмеді. Осыған дейін еліміз бойынша қандай үгіт шараларының өткізілгенін де айтып өтті. Дауыс берушілермен кездесуде партия белсенділері қойылған сұрақтардың барлығына дерлік жауап берді. Көбіне-көп, қоғамдағы әлеуметтік мәселелер мен сайлауалды бағдарламаға қатысты сауалдар көтерілді. Еске сала кетсек, сайлау күні ЖСДП атынан 23 үміткер бағын сынайды. 

Бақытгүл Макимбай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі:

Партия соған басымдық беріп, әр саланы қамтиды. Білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы, тұрғын үймен қамту, жастардың білім алуы - мына Конституцияда белгіленген әр азаматтың қандай құқы бар конституциялық, соны қолдайтын партия, оның бағдарламасы да соған арналған. Кандидаттар бізде әрбір аймақты жеке-жеке бөліп алған. Сондықтан әркім әр өңірде кездесіп жатырмыз халықпен. Қазір енді бұрынғыға қарағанда, бұрынғы сайлауларға қарағанда, жастардың үлесі өте басымырақ. 

«Бірлік» партиясының Республикалық сайлауалды штабында ашық есік күндері өтті. Ұйым өкілдері тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап беріп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Партияның Астанадағы бас кеңсесінде қарбалас. Сайлаушылар бірінен соң бірі келіп, өздерін мазалаған сұрақтарын қойып жатыр. Партия мүшелері тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, алаңдатқан сауалдарына жауап берді. Партияның сайлауалды бағдарламасында экономика, білім мен ғылым, руханият пен мәдени салаларға басымдық берілген. Сондай-ақ,  қоршаған ортаны қорғау да басты назарда. Дәл осы экологияны жақсартуға бағытталған шараларға тұрғындар қызығушылық танытты. Ойларын ортаға салып, саяси ұйым өкілдерімен пікір алмасты.

Мұрат Қожамқұлов, «Бірлік» саяси партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

20 ақпаннан бастап «Бірлік» саяси партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Жер-жерлерде, республикамыздың түкпір-түкпірінде азаматтар келіп, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Бұл жұмыс үздіксіз жалғасып келеді. Көпшілігі партиямыздың сайлауалды бағдарламасын білгісі келеді толық.

Саяси партиялардың сайлаушылардың назарын аулап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мерзімі аяқталуға жақын. Бұл науқан осы аптада қорытындыланып, наурыздың он тоғызы күні тыныштық сақталады.   

Айгүл ӘДЕПБАЙ