$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Семейдегі ядролық медицина орталығының ашылуын күте алмаған 300 адам аурудан көз жұмды

AstanaTV
02.05.2017ж. 20:00
3635
Семейдегі ядролық медицина орталығының ашылуын күте алмаған 300 адам аурудан көз жұмды

Еліміздегі ең алғашқы ядролық медицина орталығы болуы тиіс Семейдегі онкологиялық диспансердің ашылуын күте алмаған 300 науқас бақилық болыпты. Бұл туралы арнамыздың тілшілеріне онколог-дәрігерлер мәлімдеді. Орталықтың ашылуы сұйық радиоактивті қалдықтарды жинау мен сақтау жүйесінің жобаға сай болмауынан кейінге шегерілді. Премьер-министрдің тапсырмасымен орталықты кешенді түрде тексерген екінші арнайы комиссия да мұны қуаттады.

Бұл орталық осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс еді. Мұндағы қымбат қондырғылардың көмегімен ауыр кеселді ерте кезден анықтап, онкологиялық және кардиологиялық ауруларды емдеуге болатын. Бірақ сұйық радиоактивті қалдықтарды жинау мен сақтау жүйесі қауіпсіз болмай шықты. Осыдан кейін бұл дау сотқа жетті. Екі жылға созылған дау-дамайдан кейін ШҚО құрылыс басқармасы арнайы комиссияның шешімімен кассациялық шағым түсірді. Басқарма бұл іске Жоғары сот әділ шешім шығарады деген үмітте.

Марат Сандыбаев, Семей қ. аймақтық онкологиялық диспансердің директоры:

Егер барлық мәселе уақытында шешілсе, техникалық тұрғыда орталықты бір жылдың ішінде іске қосуға болар еді. Дайындаушы зауытпен де келісім жасалған. Қазір біздің азаматтарымыз радионуклеидті терапия алу үшін шетелге барып, Красноярск, Қазан, Түркия елдерінде емделуге мәжбүр. Шетелге сапармен барған кезде, жат жерде емделу үшін шығынға батқан жерлестерімізді көріп, жанымыз ауырады. Біздің есебімізше, орталық ашылғанша 300 адамның ауруы асқынып, дүние салған. Бізді осы қынжылтады. 

Еркін КАРИН