Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстанда онкологиялық дәрілер тапшы

AstanaTV
03.05.2017ж. 20:00
3477
Қазақстанда онкологиялық дәрілер тапшы

Қарағанды облысында онкологиялық науқастар дәрі тапшылығының кесірінен тиісті ем ала алмай отыр. Бұл туралы бүгін «Астана» телеарнасына қала тұрғыны Андрей Осипов мәлімдеді. Жігіттің айтуынша, сүт безінің обырына шалдыққан анасы мемлекеттен тегін жасалатын химиятерапиядан дер кезінде өте алмаған.

Андрей Осипов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Анам екі рет химиотерапия алды. Ем қона бастағаны сол еді, үшінші рет келгенде онкологтар, дәрілер жоқ, деді. Бір-екі апта тостық. Тым болмаса, орнына басқа дәрілер де ұсынбады. Ақыры өз ақшамызға сатып алдық.

Науқастың туыстары израилдық «Добсорубицин» дәрісін жеке меншік емханадан тапқан. Сөйтіп, толық ем алу үшін 60 мың теңге өз қалталарынан жұмсаған. Алайда, емдеу курсы үзіліп, қайта жалғасқандықтан, дерт асқына ма деп алаңдайды. Әйтпесе, қатерлі ісікке жасалған отаның сәтті өткенін айтады. Тіпті, жігіттің ақ халаттыларға алғысы зор екен.

Ал Қарағанды облыстық онкологиялық диспансер басшылығы, дәрілер бүкіл Қазақстан бойынша тапшы екенін, растады. Қазірдің өзінде кеншілер өңірінде күнделікті қолданыстағы 5 бірдей препарат жетіспейді. Бүгінде ай сайын химиотерапия алатын 120 науқастың 50 шақтысы алмастырушы дәрілермен емделіп жатқан көрінеді. «СҚ-Фармация» ЖШС тапшы дәрілерді тамыз айында ғана бере алатынын айтқан. Дәрігерлер бұл проблеманы жыл сайын көтергендерімен, шешімін таппаған

Мұратбек Жұмақаев, Қарағанды облыстық онкологиялық диспансер директоры:

Бес түрлі дәрі бүгінгі күнде жоқ бізде. Себебі «СК -Фармация» арзан бағаға сатып ала алған жоқ. Екі рет тендер өткізді. Сатып алған жоқ. Сіздер білесіздер, бүкіл Қазақстанда бүкіл дәрілерге тағайындалған баға бар. Ол бағаға фирмалар сатқысы келмейді. Күнде ол мәселені көтеріп жатырмыз.