Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Батысқазақстандық ата-ана баласының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

AstanaTV
03.05.2017ж. 20:00
3351
Батысқазақстандық ата-ана баласының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Ордасы ауданының тұрғыны Нұргүл Төлеуғалиева екі жасар баласы Алдияр Амангелдінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуынша, ақ халаттылар бүлдіршінге дұрыс ем бермеген. Ал қарсы тарап жағдайға ата-ананы кінәлады. Еркін Карин тараптарды тыңдады.

Еркін Карин, тілші:

Анасының сөзінше, Алдияр басында қызуы көтеріліп ауырады. Дәрігерлер баланы конъюктивитке шалдыққан деп күдіктеніп, осы аурудан емдей бастайды. Бірақ ауру дәріге бой бермей асқынғасын, Алдияр аудандық ауруханаға жатқызылады. Анасы бұл ауруханада балаларды егетін кішкентай шприц пен ампициллин болмағанын айтады. Кейін жағдайы күрт нашарлаған Алдияр ұшақпен облыс орталығына жеткізіледі. Бірақ, көп ұзамай, шетінеп кетеді.

Нұргүл Төлеуғалиева, Алдиярдың анасы:

Дәрігерге неге апардым, сол болмашы ғана жөтелге неге апардым деп өкінеміз. Коньюктивит, ветрянка деп теріс емдеп, жағдайын нашарлатып жіберді. Оған дер кезінде дұрыс көмек көрсеткенде, аман жүретін бала. Қатты өкінеміз, уақытында оларға көрсетпей, одан да қалаға алып кетсек деп. Ветрянка дегесін, сыртқа шығаруға болмайды деп қапаланып қалдық. Ұзақ жылдар сол баланы күтіп едік, жеті жыл армандап.

Анасының айтуынша, баланың уланғаны туралы ақпарат дәрігерлер берген анықтама қағазында жазылған. Бөкей Орда аудандық прокуратурасы, сәбидің өліміне кінәлілерді анықтау үшін қылмыстық іс қозғау керектігін айтып, аудандық ішкі істер бөліміне ұсыныс жасаған. БҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері, бұл кеселді ауылдық жерде анықтау мүмкін еместігін айтып, ақталып отыр.

Гүлайым Қажимова, БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

Бұл ауруды аудандық деңгейде анықтау - қиын нәрсе. Оның пайда болу себептері көп. Бала осыған дейін бірнеше рет ауырған. Бірақ дәрігер жасаған ем аурудың асқынуына себеп болды деп айта алмаймыз. Мұны аудан түгілі, облыстағы дәрігерлердің өзі тап басып айта алмайды. Бала қайталап ауырғасын, бірден ауруханаға жатқызу керек еді. Ал ата-анасы келіспей, үйінде қалдырған.

Еркін Карин, тілші:

Алдиярдың ата-анасы, кінәлі мамандар өз жазасын алуы керек, дейді. Ал Бөкей ордасы аудандық ішкі істер бөлімінен осы оқиға бойынша ҚР ҚК 317-бабымен қылмыстық іс қозғалғанын, сот-дәрігерлік сараптама енді жасалатынын хабарлады. Бұл бапта медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамаса, қызметінен айрылып, бас бостандығынан да айыру жазасы қарастырылған.

Еркін КАРИН