$523.17 €550.06 ₽4.93
×

Орал қаласының тұрғыны көлігін жаңартамын деп жаяу қалды

06.11.2024ж. 20:00
157
Орал қаласының тұрғыны көлігін жаңартамын деп жаяу қалды

Орал қаласының тұрғыны Ықылас Тәжедденов жаңа көлік мінемін деп жаяу қалды. Айтуынша, ескі мәшинесінің үстіне 200 мың теңге қосып беріп айырбастаған темір тұлпарына халықаралық іздеу салынған. 

Ықылас Тәжедденов ескі көлігін Ресейден әкелінген жаңа мәшинеге айырбастаған. Бұған қоса 200 мың теңге үстемеақысын және төлейді. Бірақ жігіт ағасының қуанышы ұзаққа созылмады. Үш айдан кейін полиция тоқтатып, көлікті тартып алған. Өйткені бұл техникаға Ресейде іздеу салыныпты.

РАХАТ ГАТАУЛЛИН, ҚОРҒАУШЫ:

Самаркин былай деп айтты. Девяшиннің өзінен сатып алдым. Ол туралы менің келісім-шарт туралы қағазым бар, оны тапсырамын деді. Қазір уже басқаша айтады. Мен қалам сатып алып жатқан жоқпын. Мен сумка сатып алып жатқан жоқпын 6 мың теңгеге. Мен біреуден машина алып жатырмын, иә, айналайын, ұрлық па жоқ па, мен анықтауым керек қой, ол бәленбай мың теңге ақша тұрады. 1 миллион теңге. Оны анықтамайды.

Ал ресейлік сақшылар көлік иесінің әлдеқашан қайтыс болғанын айтады. Бірақ осыған қарамастан, әлдекімдер иесіз тұлпарды Қазақстан асырып, Ықылас Тәжедденовке сатып жіберіпті. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.

СЕРІК РАИЗОВ, РФ ЛАНГЕПАС ҚАЛАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІЗДЕСТІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Көліктің бұрынғы қожайынын осыдан екі жыл бұрын қайнағасы сабап өлтірген. Осыдан кейін көлікті марқұмның әйелі жөндеуге береді. Бірақ көлікті жөндеген өзбекстандық азамат мәшинені сатып, өзі еліне қашып кеткен. Іздеп жүріп техниканы Қазақстаннан таптық. Ал көлікті сату-сатып алу туралы келісімнің жасалуы мүмкін емес. Өйткені иесі одан бір жыл бұрын қайтыс болған. Сондықтан бұл келісім жарамсыз.

Соттан әділдік сұраған азамат ақыры жаяу қалды. Сот оның көлікті қайтару туралы талабымен келіспеді.

ЖАНАР САҒЫМБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Талап қоюшы Тажедденов өз талапарызымен мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінді. Сот шешімімен талапарыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Себебі Азаматтық кодекспен көзделген келісімшарттарда мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы негіздемелер сотпен табылмады. Сол себепті сондай шешім қабылданды.

Жігері құм болған азамат енді апелляциялық сотқа шағымданбақ. Бірақ сотқа жаяу баруға тура келеді. Өйткені Ресей полициясы шын кінәліні тауып, жазаға тартқанша даулы көлік айыптұрақта болады.