$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Солтүстік Қазақстанда адам өлтірді деп айыпталған жасөспірімдер 12 жылға сотталды

AstanaTV
08.11.2024ж. 13:49
209
Солтүстік Қазақстанда адам өлтірді деп айыпталған жасөспірімдер 12 жылға сотталды

Солтүстік Қазақстанда кісі өлтірді деп айыпталып, кейін ақталып шыққан екі жасөспірім ақыры сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маусым майында алқабилер ақтап шыққан жасөспірімдердің ісі қайта қаралды. Нәтижесінде облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыларға үкім шығарды. 

Сот отырысы алқабилердің қатысуымен жабық режимде өтті. Мемлекеттік айыптаушы қылмыс жасады деп айыпталған қос азаматты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот үкіміне сәйкес, Максим Ивановский мен Евгений Баширов кінәлі деп танылып, олар 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Баширов жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді. Ал Ивановский кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне аттанады.

"Сот айыпталушылардың жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде олардың қылмыс жасаған кезде кәмелет жасқа толмағанын ескерді. Ал Ивановский мен Башировқа қатысты ауырлататын мән-жайлар көрсетілмеген және сотпен анықталмаған", – деп мәлімдеді облыстық сот. 

Еске салайық, былтыр М.Жұмабаев ауданы Медвежка ауылын екі жасөспірім (қылмыс жасаған уақытта екеуі де кәмелет жасына толмаған) ауыл тұрғынын өз үйінде өлтіріп, оның 150 мың теңгесін ұрлап кеткен. Ал бұған дейін айыпталушылардың бірі әжесі мен досынан 2 млн теңгеден астам ақшасын қолды қылған.