$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен кейбір тұрғындардың өтемақысыз қалатын түрі бар

AstanaTV
04.05.2017ж. 20:00
3207
Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен кейбір тұрғындардың өтемақысыз қалатын түрі бар

Қызылжарда су тасқынының екінші толқыны басталды. Қала іргесіндегі Мичурин ауылын тағы да су басып жатыр. Ал тасқыннаннан зардап шеккен кейбір тұрғындардың өтемақысыз қалатын түрі бар. Себебі билік тарапы үйдің құжатын рәсімдеп үлгермеген адамдарға шығынның өтелмейтінін хабарлаған. Табиғи апаттың кесірінен құрылыс материалдары бүлінген жұрт енді не істерін білмей дал. Ал судың қайтар түрі жоқ. Тілшіміз Абзал Құрманкин сабақтайды.

Абзал Құрманкин, тілші:

Біріне бірі ұқсамайтын коттедждерді соғып жатқан тұрғындар қазір шығындарын есептеп әуре. Алайда, қанша есептегенімен, жұмсалған қаражат қайтпайтын көрінеді. Себебі билік тарапы техникалық төлқұжаты бар үйлерді ғана есепке алып отыр. Ал құрылысы бітпей қалған баспаналар қысыр қалды. Қазір бұқараның әкімдікке деген өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, бастапқыда атқамінерлер көшу керектігі туралы мүлде ескертпеген, енді өтемақыдан қағып отыр.

Закиржан Мамлютов, Мичурин ауылының тұрғыны:

Менің құрылысқа рұқсат беретін бүкіл құжаттарым бар. Біз бұл үйде тұрып жатырмыз. Ресми мекенжайым да бар. Жарық, телефон, судың ақысын ай сайын төлеп отырамыз. Тасқыннан келген зардаптың көлемі шамамен 200 мың теңге. Бірақ, өтемақыны бермейміз, сотқа жолығыңдар дейді. Қазір сотқа баратын жағдайым жоқ. Тасқынмен арпалысып жүрміз.

Қазір саяжай тұрғындары да тек төбесі ғана көрінген үйлерінің басы-қасында жүр. Кейбірі көшелерді қайықпен аралап, дүние-мүлкін түгендеп әлек. Билік тарапы оларға да өтемақының төленбейтінін жариялаған.

Валентина Новикова, саяжай тұрғыны:

Бұрында 7 жылда бір рет су басатын. Ал қазір міне 3 жыл қатарынан суға белшеден батып отырмыз. Тасқын етіміз үйреніп, енді таза ылғалға төзетін жеміс-жидектерді ғана еге бастадық. Әкімдіктен өтемақыны сұрап отырғанымыз жоқ.

Облыстық әкімдік өкілдері өтемақы мәселесіне қатысты жауапты ертең беретіндерін мәлімдеді. Бірақ тәжірибелі заңгер Анатолий Жицкийдің пайымдауынша, зардап шеккен тарапқа өтемақы берілмейді. 

Анатолий Жицкий, заңгер:

ҚР Азаматық кодексінің 118 бабына сәйкес үй мемлекеттік тіркеуден өткен соң ғана, оның заңды ие болады. Егер тұрғындар әкімдікті сотқа берсе, онда жеңіліс табуы мүмкін. Ал әкімдіктің құжаты жоқ үй иелеріне өтемақы беруге құқығы жоқ. Бұл жемқорлық болып саналады.

Су тартылып, тұрғындар енді ес жия бастағанда, тасқынның екінші толқыны басталды. Тың ағынға Мичуриндегі құмды бөгет шыдас бере алар емес. Дамбаның астынан қосымша тесік пайда болып, су ауыл ортасына кіре бастады. Таң атпастан, жаңа қуысты жамап жүрген құзырлы органдар тұрғындарды эвакуациялауға көшті. Тасқын беті қайтпаса, тағы 200-ден астам үйді су басуы мүмкін.

Абзал Құрманкин, тілші:

Тұрғындардың айтуынша, судың деңгейі қайтадан бұрынғы қалпына келді. Ал синоптиктер болса, тасқынның шарықтау шегіне жұма күні ғана жететінін хабарлады. Демек, тасқыннан зардап шеккендердің саны артуы мүмкін.