$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарда қоныс аударушыларға салынған жаңа үйлер сапасыз болып шықты

12.11.2024ж. 20:00
115
Павлодарда қоныс аударушыларға салынған  жаңа үйлер сапасыз болып шықты

Павлодарда қоныс аударушыларға салынған жаңа үйлер сапасыз болып шықты. Оңтүстіктен солтүстікке көшіп келгендерді әкімдік есігі ашылса, жабылмайтын баспаналарға қоныстандырған. Ол ол ма? Үйдің есік, терезесінен қыста гуілдеп жел соғады. Едені қақырап, қабырғасы шытынап кеткен. Амалы таусылған тұрғындар арнамызға шағымданды. 

Гүлжайна Сармақанова - 3 жыл бұрын Павлодар ауданына қарасты Кемеңгер ауылына көшіп келген. 4 баласы бар көп балалы анаға әкімдік «су жаңа» үй берген. Алайда, алғашқы қысында-ақ баспананың былығы шыға бастапты. Қыл аяғы бөлме аралық есіктердің өзі ашылмайды. Ашылса, жабылмайды.

КӨРІНІС:

Мына есіктер құлайын деп тұр. Бір күні баламыздың төбесіне құлап кетеді. Тек ғана мына жердегі топса ғана ұстап тұр. Мынау құлайды бір күні. Мына есік ашылып жабылмайды. Мынаны ашып жабу үшін битіп итеру керек. Мына есікті ашқан кезде мына жағы көтеріліп кетеді.

Қоныс аударушының айтуынша, қыста бұл үйде тұру мүмкін емес. Есік, терезеден гуілдеп жел соғады. Едені мүлде жылынбайды. Жалаңаяқ жүру мүмкін емес. Сондықтан, қыста қалың киіммен отыруға мәжбүр.

ГҮЛЖАЙНА САРМАҚАНОВА, КЕМЕҢГЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Есіктер құлайын деп тұр. Осы үйге қыстай 13 тонна көмір жағамын. Үйге обогреватель қосып қоямын кішкентай балаларым бар. 1 жарым жасар егіз балалар. Светке 13-14-15 мың теңге төлеймін тағы да. Үй суық, жел соғып тұрады. Түнімен ұйқы жоқ. 2 сағаттан сайын көмір салып шығамын.

Тұрғын мәселесін айтып бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Алайда, әкімдіктен бұған дейін еш қайыр болмапты. Біз де сауал жолдадық.

ГҮЛБАНУ БЕГЕНТАЕВА, КЕМЕҢГЕР АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Павлодар ауданының ТҮКШ бүгін ертең конкурс жариялайтын болады. Екі апта ішінде мердігер анықталып, тұрғынның үйін қалпына келтіріп беретін болады.

Әкімдік бір үйді салуға 16 млн. 800 мың теңге жұмсаған. Бұдан бөлек жас мамандарға арнап тағы 2 үй салыпты. Әкімдік уәдесінің орындалу, орындалмауын енді уақыт көрсетеді. Мәселені біз назарда ұстаймыз.