Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қазақстанның бірқатар өңірінде «Мәңгілік полк» акциясы өтті

AstanaTV
10.05.2017ж. 20:00
2549
Қазақстанның бірқатар өңірінде «Мәңгілік полк» акциясы өтті

Жеңіс күніне орай бірқатар өңірде «Мәңгілік полк» акциясы өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанынан бері 72 жыл өтсе де, батыр бабалардың ерлігін кейінгі ұрпақ ұмытпауға серт берген. Толығырақ Айбек Қосанның материалында.

Сұрапыл соғысқа Шығыс Қазақстаннан 170 мыңға жуық адам шақырылып, 90 мыңдайы ерлікпен қаза тапқан. Биыл «Мәңгілік полк» акциясының ауқымы да кеңейе түсіпті. Акцияға Өскеменнің 25 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Арғынғазы Балтабаевтың әкесі небәрі 17 жасында майданға аттанған. Ержүрек ерлердің ісі - ұрпаққа өнеге,-дейді ол. 

Арғынғазы Балтабаев, Өскемен қаласының тұрғыны:

Біз олардың ұрпақтары қарызбыз. Бүгін осы «Бессмертный полк» шарасына келген себебіміз, ұрпақтарының әруақтармен үзіліс болмауы керек. Неге десеңіз, ол біздің тарихымыз. Жастарды тәрбиелегенде үлкендер үлгі көрсетуі керек.

Даңқ мемориалының маңына соғыс жылдарындағы техникалар қойылған. Ал қас қарая қала тұрғындары 7 мыңнан астам шамды аспанға ұшырды.

Ақтауда «Мәңгілік полк» акциясына 5 мыңға жуық тұрғын қатысты. Осымен төртінші рет өткен шараға жыл санап қызығуылық артып келеді. Соғыс басталғанда Маңғыстаудан 6000 адам отан қорғауға аттанған. Солардың бүгінде тек 39-ы жер басып жүр.

«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды». Бұл Таразда өткен «Мәңгілік полк» шарасына қатысушылардың ұраны. Қала тұрғындары сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан  туыстарының фотопортреттерін ұстап, колоннамен жүріп өтті. Орталық «Достық» алаңына жиналып, шерулетті. Ұлы жеңісті ұрпаққа аманат еткен жауынгерлердің есімдері осылайша қайта жаңғырды.

«Мәңгілік полк» акциясы Астанада алғаш рет 2015 жылы ұйымдастырылған. Ол кезде 2 мыңға жуық адам қатысса, биыл олардың саны 2 есе артып отыр. Майдангерлердің ұрпақтары  9 мамыр тек мейрам ғана емес, еске алу күні екенін де айтады.

Вероника Саам, Астана қаласының тұрғыны:

Біз бұл шараға майданда жанын берген қаһарман аталарымызды еске алу үшін келіп отырмыз. Тылда еңбек етіп, жеңіс күнін жақындатқан жандарды ешқашан жадымыздан шығармауымыз керек. Бүгінгі бейбіт күн солардың арқасында орнады емес пе?!

«Мәңгілік полк» акциясы әлемнің 10 мемлекетінде орналасқан 620 қалада өткізіліп келеді. Биыл бұл тізімге Канада мен Оңтүстік Корея қосылған.

Айбек ҚОСАН, Данияр ӘЛІМҚҰЛ