$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда ірі жол апатынан бірнеше адам зардап шекті

AstanaTV
11.05.2017ж. 20:00
2958
Алматыда ірі жол апатынан бірнеше адам зардап шекті

Алматыда ірі жол апатынан бірнеше адам ауруханаға түсті. Жолаушылар автобусы мен жол талғамайтын көлік соқтығысып, салдарынан 17 адам зардап шекті деген ақпар тараған. Ал кешке дейін олардың саны 23 адамға жеткені белгілі болды. Сегіз адам ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер қазір 2 жасар сәби мен екі ересек азаматтың өмірі үшін арпалысуда. Бұл туралы денсаулық сақтау департаментінің мамандары айтты. Оқыс оқиғаның мән жайын Айгүл Ермахан тарқатады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Жол апаты бүгін түс шамасында Райымбек даңғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысына жақын тұста болған. Жолдың қоғамдық көлікке арналған бөлігінде келе жатқан автобустың жолын Mercedes Gelendewagen көлігі кесіп өтіп, оңға бұрылған. Соққы алған автобус бағанаға соғылып, күл талқаны шыққан. Көргендердің айтуынша, жол ережесін жол талғамайтын көлік бұзған сыңайлы. 

Айдар Есбергенов, қала тұрғыны:

Gelendewagen шыққан мына жерде разворот бар ғой. Автобус өз жолымен келе жатқан. Ол ары қарай шығып кетейін деген. Үлгермей қалды. Водитель аяғы қысылып қалған, шығарып алдық. Больницада жатыр.

Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ соққы алған 23 жолаушы жедел ауруханаға жеткізілген. Олардың арасында ауыр жарақат алған сегіз адамға шұғыл ем-дом көрсетілген. Қазір 2 жасар сәби мен екі ересек азамат жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресуде.

Ләйлә Иманғалиева, Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушы:

7 ересек адам ауруханада жатыр. Олардың жарақаттары әртүрлі дәрежеде. Әртүрлі сипатта. Ішінде бас жарақаттары, денесінің ушиб дейді ғой, әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алған. Баланың жағдайы қазіргі жағдайда ауыр. Реанимация  бөлімінде медициналық көмек алып жатыр.

Апдын ала болжамға сай, апатқа жол талғамайтын көліктің жүргізушісі кінәлі. Істі қарап жатқан қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері осылай деп отыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

Gelendewagen маркалы автокөлік жүргізушісі осы жол апатына себепші болып отыр. Өйткені басқа қатарға орын ауыстырмас бұрын, автобусқа жол беруі тиіс еді. Дәл осындай түсініктемелерді осы істің куәгерлері айтуда. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істі Ішкі істер басқармасының анықтау басқармасы өз құзырына алған болатын.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қазіргі уақытта сотқа дейнігі тергеу жұмыстары басталып кетті. Жол талғамайтын көлік жүргізушісі  бас бостандығынан айрылуы мүмкін бе? Полиция әзірге нақты жауап айтпады. Заң шеңберінде тиісті процессуалдық шешім жуырда қабылданады деген ақпаратпен шектеліп отыр.

Айгүл ЕРМАХАН